Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда осыдан екі жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген террористік актінің орын алғандығы жөнінде және тағы да басқа саяси, рухани, әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

Осыдан екі жыл бұрын 11 қыркүйекте дүниежүзін дүр сілкіндірген террористік актінің болғандығы жұрттың бәріне белгілі. “Казахстанская правда” газетінің соңғы санындағы Инеш Қанкенованың мақаласында осы қайғылы оқиға тақырыбы әңгімеге арқау етілген. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, мұндай сұмдық жайт бұрын-соңды адамзат тарихында мүлде болмаған.

“Түркістан” басылымының 11 қыркүйек күнгі санында осы қайғылы оқиға кезіндегі зардап шеккен адамдардың суреті “Осыдан екі жыл бұрын” деген тақырыппен газеттің тұтас бір бетіне беріліпті.

Сайлау науқаны жақындаған сайын Қазақстандағы ресми және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының кімге бүйрегі бұратындығы айқынырақ сезіле түсетіндігі аян. Газеттің екінші бетінен орын алған Гүлнәр Мұқанованың мақаласында сайлау қарсаңындағы басылымдардың мың құбыла бастағандығы сөз болған. “Мысалы “Мегаполис” газетінің бұрынғы позициясы арандатушылыққа толы еді. Ұлтаралық қатынастардағы кішігірім қиюы келіспеген тұстарды жалаулатуға құмар “Мегаполистің” үні қазір, бұрынғыдан гөрі құмығып шыға бастады. Қай бағытта мақала жазса да дүрлікпесімен оқырманды тартатын осы газеттің бұрынғы белсенді тілшісі Жәнібек Сүлеев қазір “Отан” партиясының қанатындағы “Дала мен қала” газетін басқарып отыр деген мақала авторы, аталмыш басылымның қатардағы партиялық басылымның деңгейінен аса алмағандығын тілге тиек етеді.

Гүлнар Мұқанованың сараптамасына сүйенсек “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық бірлестігінің басылымы болып саналатын “Ассанди таимс” газетінің журналистеріне әр түрлі тұрғыдағы сот процестерін бастан кешіп, тіпті басылымның атын өзгертуге тура келгенімен, олардың кәсіптік потенциалы зәредей де кемімепті.

“Время” апталығының 11 қыркүйек күнгі санында жарық көрген “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың сұхбатында да сайлау тақырыбы кеңінен сөз болған. Әлихан Бәйменов өз сұхбатында жергілікті жердегі шенеуніктердің “Ақ жол” партиясының өкілдерін депутаттыққа өткізбес үшін аянбай жүмыс жасайтындығын хабарлаған.

Ал, “Жас алаш” газетінің кезекті санында, “Ақ жол” демократиялық партиялары тең төрағаларының Қазақстан Республикасы азаматтарына, сайлау комиссиясы мүшелеріне және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне жолдаған үндеуі жарық көрді. Өз үндеуінде олар Орталық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін, барлық деңгейдегі әкімдерді, ұйымдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларын, Қазақстан Республикасының ата заңы мен заңнамасын сақтауға шақырған.

“Мегаполис” апталығының 11 қыркүйек күнгі санындағы Евгений Булганиннің талдау мақаласы да 20 қыркүйекте өтетін мәслихаттар сайлауы тақырыбына арналған. Мақала авторы жасаған болжамға сүйенсек, Қазақстандағы оппозиция өкілдері ұпайын түгендеу үшін сайлау алдында әдейі айғай-шу шығарып жатыр.

“Жеке адамдардың ынтасымен немесе біреудің қаржысының негізінде өтетін мәслихаттық сайлау елдің арасында үлкен кикілжің туғызуы ықтимал. Мұндай жағдайда Ресеймен шекараласатын аудандардың депутаттары бірігіп, көрші елдің территориясына кетіп қалып, билік тарапынан қысым көрушілер ретінде саяси баспана сұрауы да мүмкін. Ал мұндай оқиғаның неге әкеліп соқтыратындығы айтпаса да түсінікті” дейді мақала авторы.

“Сөз” газетінің кезекті санында жарық көрген редакциялық бас мақалада – биліктің адамдарының оппозициядан түсіп отырған азаматтарға қарсы, арандатушылық әрекеттерін ұйымдастырып жатқандығы сөз болған. Атап, айтсақ сайлау науқаны барысында сайлауға түсіп отырған оппозиция өкілдері Ирина Савостина, Асылбек Қожахметов, Маржан Аспандиярованы қаралайтын неше-түрлі үнпарақшалар таратылыпты.

“Алматы ақшамы” газетінің 11 қыркүйек күнгі санында сайлау науқанына дайындықтардың қалай өтіп жатқандығына орай 28 сайлау округінің төрайымы Бәзила Кәкенқызымен сұхбат жүргізілген. Орыс тілінде шығатын “Сөз” газетінде оппозициядан сайлауға түсіп жатқан адамдардың фотосуреттері, “Қазақгейт” оқиғасына байланысты материалдар мен Ресейдегі “Оңшыл күштер” партиясының басшысы Борис Немцовтың белгілі оппозиция өкілі Ғалымжан Жақияновтың рақымшылық сұрап өтініш жасауына орай Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған мәлімдемесі берілген.

“Қазақгейт” оқиғасына қатысты материалда, бұл даулы істе жаңа деректердің ашылғандығы хабарланған. Атап айтатын болсақ, “Шеврон-Тексако” компаниясы сотқа шақыру алғандығы туралы Қазақстан үкіметіне хабарлапты. Осыдан бұрын “Аджип-Эни” концернінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-премьер Нұрлан Балғымбаевқа Паколли деген халықаралық делдал арқылы пара бергендігі туралы мәселе қаралған болатын. Енді тағы да бір американдық компания пара бергендігене орай жауапқа тартылып отыр. Заңға сәйкес аталмыш компания қажетті құжаттардың бәрін де Үлкен жюриге табыс етуі тиіс.

“Егемен Қазақстан” газетінің соңғы санында “Қылмыспен күрес- ортақ іске үлес” деген тақырыппен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құқық қорғау орындары қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзі берілген.

Ал, “Экспресс К” газетінің 11 қыркүйек күнгі санындағы Гүлмира Матхалықованың мақаласында келешекте құқық қорғау және заңдылықты сақтау жүйесіндегі генералдық қызметтердің шектетілетіндігі хабарланған.

“Известия –Казахстан” басылымының соңғы саны Румыния мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынас мәселесіне арналған.
XS
SM
MD
LG