Accessibility links

Қазақстандағы оңшылдар мен солшылдардың күресі


18 қыркүйек күні Алматы баспасөз орталығында өздерін солшылдар атаған бір топ саясаткерлер журналисттермен кездесті.

Алматы коммунистерінің атынан Арсентий Аполимов, «Поколение» қозғалысының атынан Арита Цой, және «Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақстандықтарға кеңес беруге тырысты.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар 20 қырқүйек күні қазақстандықтар оппозиция атынан сайлауға түскендерді қолдамай, халықтың қамын ойлайтын солшылдарға дауыс беруін сұрады.

Өзін Қазақстанның Коммунисттік партиясының Алматы қалалық комитетінің жетекшісімін дейтін Арсентий Аполимов, сайлауға түсетін солшылдардың тізімі, олардың «Молодая гвардия» атты газеттерінде жарияланғанын жеткізді.

Ал «Поколение» қозғалысының солшылымын деген Арита Цой «Поколение» қозғалысының жетекшісі Ирина Савостинаны жамандаумен болды. Арита Цойдың пікірінше, Ирина Савостинаның сайлауға қатысуға құқығы жоқ.

Коммунисттер партиясының Алматы қалалық комитетінің мүшесі Әбдірахман Масақпаев мәслихат депутаты болғандaрдың 5 жыл бойы атқарған жұмысына наразылық білдірді, сонымен қатар Әбдірахман Масақпаев Кеңес Одағындағы жағдайды аңсайтынын жеткізді.

Коммунисттер партиясының Алматы қалалық комитетінің мүшесі Әбдірахман Масақпаев:

- Осы соңғы бес жылда қандай жұмыс жасағaны белгісіз. Мысалы, санап көріңіз, қазір орта есеппен әрбір отбасының кірісі 5-6 мың тенгені құрайды.Бұл қаржының тең жартысы пәтерге кетеді, жарыққа кетеді, сонда 3-4 мың тенгеге қалай өмір күнелтуге болады?

Солшыл коммунистер, бас коммунист Серікболсын Әбділдинді де сөз арасында сынап үлгерді,ал Серікболсын Әбділдин бұл азаматтардың пікірімен санаспайтынын айтты.

Серікболсын Әбділдин,Қазақстанның Коммунисттік партиясының бірінші хатшысы, Мәжіліс депутаты:

- Біздің партияда Арсентий Аполимов деген азамат жоқ. Сол себептен оның айтқанына біз мән бермейміз. Сонымен қатар, оның мәлімдемесі бізге керек емес, себебі ол коммунист емес.

18 қырқүйек күні болған баспасөз мәслихатына қайта оралатын болсақ, солшыл коммунисттерден өзге бұл кездесуде оппозиция атынан сайлауға қатысатындарды «Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек сынға алды.

Амантай қажы Асылбек,«Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі:

- Бізге аса қауіпті болып тұрғаны мына Алматыдағы мәслихатқа ұрылар өтіп жатыр. Бұл Қажыгелдиннің адамдары, Жақияновтың адамдары. Ирина Савостина алты рет Америкаға барып, біздің Қазақстанды жамандады, Ливияға барып, Қазақстанды жамандады. Бұл Қазақстанның, қазақ халқының жауы. Петр Своик «Караван» газетінде халықтың намысына тиетін сөздер айтқан. Мен біздің президентті, соттарды, әкімшілікті түсінбеймін. Олар неге Қазақстан жауларына Қазақстан азаматтығын береді. Мұндай жағдайды тек Қазақстанда ғана байқауға болады. Жақиянов түрмеде отыр, Қажыгелдин мұнда жоқ, ал оның адамдары мәслихатқа өтпекші.

Қажыгелдин және Жақиянов адамдары деген тұлғалардың арасында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің Алматы қалалық бөлімінің жетекшісі Маржан Аспандиярова бар. Маржан Аспандиярова солшылдардың мәлімдемесін, биліктің оппозицияға жасап отырған арандатушылық әрекеті деп бағалады.

Маржан Аспандиярова ,«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің Алматы қалалық бөлімінің жетекшісі: - Мен көрген жоқпын, естіген жоқпын, бірақ олардың не айтатыны білгілі. Тырнақшаның ішіндегі “Поколение” қозғалысы, Коммунисттік партиясының өкілдерін тек есіркеу керек. Олардың жеке ойлары, жеке көзқарасы жоқ. Олар баспасөз мәслихатын билік басындағы, оның ішіндегі ішкі істер министрлігінің Алматы қалалық басқармасының қолдауымен арнайы ұйымдастырған, оппозицияға қарсы жұмыс жасау үшін.

Екі күннен кейін мәслихат сайлауы өтеді, оңшылдар да, солшылдар да бұл сайлауға белсенді түрде дайындалып жатыр.
XS
SM
MD
LG