Accessibility links

“Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасы талқыланды


Қыркүйектiң 25-i күнi Астанада «Қазақстан телерадио хабарын таратушыларының ұлттық қауымдастығының» ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат туралы Заң» жобасы талқыға түскен алқалы жиын өттi.

Аталған заң жобасы Парламент қарауына түскендiктен, ендi оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге тек депутаттар ғана құқылы. Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан берi ақпарат құралдары қызметiн реттейтiн заңдардар өзгерiске жиi ұшырады.1991 жылы «Баспасөз туралы заңның», 1999 жылы «ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның» қабылданғаны, ал 2001 жылы соңғы заңға айтарлықтай өзгерiстер енгiзiлгенi мәлiм.

«Интерньюс Қазақстанның» директоры Олег Кациевтiң пiкiрiнше, мұның барлығы --Қазақстанның ақпарат құралдарына шектеу салудың амалы. Соның салдарынан Қазақстанның ақпарат құралдарының масс-медиа кеңiстiгiндегi бәсекелестiк пәрменi жойылып барады. Мәселен, Қазақстанды бүгiнгi таңда Ресей теле-радиохабарлары мен газет-журналдары басып кеткен.

«Қазақстан жұртшылығы өз отанындағы жағдайдан гөрi Ресейде не болып жатқанын жақсы бiледi, Ал сөз болып отырған заң жобасы осы мәселенi одан сайын күрделендiре түседi», - дейдi Кациев мырза.

«Әдiл сөз» халықаралық қорының президентi Тамара Калеева заң жобасын жасағандардың көп нәрсеге үрке қарайтындар екенi көрiнiп тұр»,--дедi. Оның ойынша, ақпарат құралдарының қызметiн шектеу тұрғысынан алғанда ақпарат министрлiгiнiң реттеушiлiк құзыретi күшейтiле түскен.

Жиынға қатысушылар заң жобасының мемлекеттiк тiлге қатысты баптарын да айналып өткен жоқ. Алдағы уақытта да осы баптың пiкiрсайыс майданына түсетiнi байқалады. Ал, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасы бойынша депутаттық жұмыс тобының жетекшiсi Мәжiлiс депутаты Әбдiжәлел Бәкiрдiң пiкiрiнше, аталған баптың Парламентте де көп пiкiрталас тудыруы мүмкiн. Заң жобасында электронды ақпарат құралдарында қазақ тiлiндегi хабарларды басқа тiлдегi хабарлармен кезектестiре беру көзделедi. Бәкiр мырза: «Депутаттар осы бапты өзгерiссiз қалдырса, мемлекеттiк тiлдiң абыройы арта түседi», - дейдi.

Ал Мәжiлiс депутаты Ерасыл Әбiлқасымов: «Парламентте билiк ыңғайындағы «Отан», Аграрлық және Азаматтық партиялардың өкiлдерi көпшiлiк болып тұрған жағдайда үкiметтiк заң жобасы бәлендей өзгерiссiз қабылданады»,-- деген пiкiрде. Дегенмен, сайлауға қайта түскелi жүрген отыз-қырық депутаттың аяқ астынан мiнез танытып, Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасына сапалық өзгерiстер енгiзуге септiгiн тигiзулерi мүмкiн екендiгiн де жоққа шығармайды.
XS
SM
MD
LG