Accessibility links

2004 жылғы республикалық бюджет кірісін 5-10 миллиард теңгеге арттыруға болады


2004 жылғы республикалық бюджет кірісін 5-10 миллиард теңгеге арттыруға болады – Мәжілістің қаржы және бюджет бойынша комитет төрағасы.

Қазанның 2-сі күні 2004 жылдың республикалық бюджет жобасы парламенттің төменгі палатасының депутаттар назарына ұсынылды. Мемлекеттің келесі жылғы негізгі құжаты болып есептелетін бұл заң жобасының бірнеше айға созылатын депутаттардың қызу пікрталасына негіз болатындығы қазірдің өзінде айқын.

Мәселен, үкімет ұсынған жобада бюджеттің түсімі 862, 2 миллиард теңге деп жазылған. Мұның өзі биылғы жыл көрсеткішімен салыстырғанда, 21,4 пайызға артық. Алайда, келесі жылғы кірісті әлі де 5-10 миллиард теңгеге арттыруға әбден болады деп есептейді Мәжілістің қаржы және бюджет бойынша комитет төрағасы Қаратай ТҰРЫСОВ: “Жақсылап қараса, кіріс бөлігіне 5-10 миллиард қосыла ма деп ойлаймыз. Егер бұл қаржыны тапсақ, әлеуметтік салаға жібереміз”. Бюджет кірісін көбейтудің жолдарын комитет төрағасы былай көрсетеді:”Cалық жинауды жақсартып, олардың түсімін қадағалауды күшейтуіміз қажет. Сонымен бірге кеден төлемдерін көбейту керек.”

Ал Мәжілістің қаржы және бюджет бойынша комитет мүшеcі Ғани ҚАЛИЕВ бюджеттің кіріс бөлігінің мардымсыздығы мұнай бағасының аз көрсетілуінен деп есептейді. “Мысалы, мұнайдың дүниежүзілік бағасы барреліне 21,5 доллар, ал біз келесі жылғы бюджет жобасында 16 доллар деп отырмыз, былтыр – 19 доллар деп көрсеткенбіз. Яғни, 3 доллар тағы кемітіп тастадық”. Бұл тағы да бюджеттің профицитпен аяқталуына тірейді дейді Ғани Қалиев: “Әрине, тағы да профицит болады. Мынандай арзан баға қойып отырғанда, көрсетіп отырған дефицитінің өзі аз. Дефицит 92,7 миллиард теңге деп жазыпты. Американың өзінде дефицит жалпы ішке өнімге қарағанда 4-5 пайыз. Ал бізде 2 пайызға да толмайды. Мұның барлығы нені білдіреді? Қазынаға жоспарланбаған ақша түседі. Бұл әрине, қаржы министрлігінде, билікте отырғандарға жақсы, қайда жұмсаймыз десе, соған жұмсайды. Ойнап жүріп, бюджетті артығымен орындайды.” Бюджеттің кіріс бөлігінің қанағаттандырарлық болмауын депутат жалпы ішкі өнім өскенімен, шикізат кәсіпорындарын түсетін үлес артпағанымен түсіндіреді. “Кірістің өзі негізінен мұнайдан, басқа да жер байлығын сатудан түсетін қаржы арқылы түзіледі. Жалпы ішкі өнім шикізаттарды сату арқылы артып отыр, ал олар бюджетке соншалықты әсер етіп отырған жоқ. Шикізат кәсіпорындары әбден қуланып алған. Мұнай өнімдерін шеттегі өздерінің мердігер компанияларына арзан бағамен сатады. Ал олар әрі қарай әлемдік рынокқа дүниежүзілік бағамен шығарады. А өздерінің “арзан” бағамен сатуы компанияның мұндағы кірісінің салмағын азайтады. Сол сияқты құрал-жабдықтар алғанда да, мердігер компаниялары оларды арзан бағамен сатып алып, бұларға “қымбат” бағамен сатады. Яғни, шығыстың саны көбейіп, таза пайда көлемі кемиді. Сөйтіп, олар салық төлеуден қашады. Ал олар салық төлемегендіктен, кіріс бюджетке түспегендіктен, олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі сұйыла береді”, - дейді депутат Ғани Қалиев.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG