Accessibility links

Бағдадтың көше, алаңдарында Ирак сақшылары жиі көріне бастады


Соңғы кездері Ирақ астанасы Бағададтың көшелері мен алаңдарында полиция сақшылары көптеп кездесе бастады.

Бірақ олардың көбі бұрынғы жетекші Саддам Хусейн билігі кезінде қызметте болғандықтан, тұрғындардың бірқатары оларға сеніңкіре бермейді. Ал, басқалары американдық әскери сақшылардың азая түскендігіне қуанады.

Тілшіміздің хабарлағанындай, Ирақ астанасы Бағдадта жергілікті жұрттан өз сақшылары жиі көріне бастаған. Бірақ оларға деген көзқарас алуан-түрлі. Біреулер оларды сыбайластар десе, басқалары олар Саддам кезіндегі сақшылар деп қорқады. Дегенмен ол жаңа сақшылардың арқасында енді Бағдадта тыныштық, тәртіп орнатылар деп үміттенетіндер де бар.

Бір қызығы, жаңа сақшылар Саддам Хусейн билігі кезіндегі формаларды киіп, сол кездегі Даевоо көліктерін пайдаланады екен. Бағададтағы Ал-Хар полиция бекетінен офицер Исса Салахтың айтуынша, қазіргі полиция сақшыларының 50 пайызы бұрынғы режим кезінде қызмет істегендер. Олар қаладағы қылмыспен күресу тәжрибесіне ие сақшылар.

- Олардың көбі орта жастан асқан ардагерлер. Олар заң тәртібін жақсы біледі. Ал қылмыспен күрес тәжрибесі аздау жастар сол ардагерлерден үлгі алады, - дейді Исса Салах.

Бағдадтағы полиция күштері жұмысын қайта құруда қазірдің өзінде көп жұмыс атқарылған. Бұл жұмысқа Нью- Йорктан бұрынғы қалалық полиция бөлімі комиссары Бернард Керик те тартылған. Соңғы бірнеше айда ирақтық ондаған мың офицер дайындықтан қайта өткізіліп, сыбайлас жемқорлықпен беделін түсіріп алған бірнеше мың қызметкер жұмыстан шеттетілді.

Салахтың айтуынша, соғыс қарсаңында Саддам Хусейннің бұйрығымен түрмелерден босатылған тұтқындар қатардағы бейбіт адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Оларды енді қайта ұстау да оңай шаруа емес. Оның үстіне ол даукеспе қылмыскерлер үкіметтік полициядан әлдеқайда жақсы қаруланған болуы да мүмкін.

- Ол қылмыскерлер қажетті қаруларға ие және жақсы ұйымдасқан. Ал бізде олармен күресетін қару-жарақ жеткілікті емес, - дейді Бағдадтық офицер.

Салахтың айтуынша, жұмысқа қажетті компьютер және өзге жабдықтар жетіспейді. Ең үлкен Ал Хар полиция бөлімшесіндегі жағдайдың өзі мәз емес.

Полицияға сенбейтін жұрт та көп. Осы аптаның өзінде Бағдадтағы полиция бөлімшесінде жанқиярлық бомба жарылысы болды. Есімін атамаған орта жастағы бір азамат, американдық басқыншылармен қызметтес полицияға біз қалайша сенеміз дейді .

Университет шәкірті Салам Құсей ,

- Мен полицияны құрметтемеймін, себебі олардың әкімшілік билік күші жоқ , тіптен көлік жүргізушісі көше ережесін бұзса да олар ештеңе жасай алмайды, - дейді.

Саламның айтуынша,

- Қазіргі сақшылар Саддамның кезінен қалған жеккөрінішті іс-тірліктерімен полиция беделін төмендетіп отыр. Олардың ежелгі іс- тірліктерін білетіндер оларды қолдамайды.

Бірақ Қадым Марзуқ есімді азаматтың пікірінше, Саддамның кезінде сыбайластық қылмыс тек қана полицияға тән болмаған. Дегенмен қазіргі жаңа полицияға оның көзқарасы жаман емес екен.

- Рас, Саддамның кезінде полиция пара алатын. Себебі, Саддамның өзі диктатор коррупционер емес пе еді. Ал қазіргі полиция – адал, әділ, - дейді Қадым.

Шайханашы Амардың айтуынша , қазіргі полиция сақшылары бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда тәуір. Олардың күнделікті күзетшілігі арқасында қаладағы тәртіп оңала бастаған.

Ал, офицер Салахтың пікірінше, осы кезге дейін орын алып отырған бомба жарылыстары кесірінен көптеген адам полиция күштеріне сенбейді. Бірақ ол:

- Мен сенемін, күн өткен сайын полиция күшейіп, жағдай түзеле бастады, - дейді.
XS
SM
MD
LG