Accessibility links

Көкшетау және Торғай өңіріндегі қазақ ауылдарының бүгінгі шынайы келбеті қандай?


Ауылдың бүгінгі жай-күйін айтып, радиомыздың Алматы бюросына келушілердің бірі Көкше өңірінен атбасын бұрыпты. Ол кісінің аты-жөні Қуаныш Мұқтайтегі.

Бұл азамат ел ішіндегіі шынайы көріністі, халықтың әлеуметтік жағдайын ашық айтып, мәселе көтергені үшін қудалауға түсіп, жергілікті ҰХК-нің назарына ілігіп, бақылауына алынған.

- Тәуелсіздік жарияланғанда алғашқылардың бірі болып қатты қуанғанның бірі мен едім. Алайда азаттық алғалы 12 жыл өтсе де, халықтың тұрмыс жағдайы түзелетін емес, - дейді Қуаныш Мұқтайтегі.

Егер де шын жағдайды көріп, білгілеріңіз келсе, ел ішіне, шалғайдағы ауылдарға барып көріңіздер дейді ол. Қуаныш Мұқтайтегінің айтуынша, Көкшетау өңірінде көп ауылдар, жойылған шаруашылықтар, сонда қалған тұрғындардың тұрмыс-тіршіліктері өте нашар көрінеді. Сондағы ашыға бастаған ауыл адамдарын өз көзіммен көрдім, кейбіреулер бидайдың жармасын жеп күнелткені бар дейді сұхбат беруші.

Қуаныш Мұқтайтегінің айтуынша, мұндағы халі мүшкіл ауылдар қатарына Жаңатуған елді мекені жатады. Сондай-ақ, Көкше өңірінің сыңсыған орманы - қарағай мен қайың, тал-терек жаппай оталып, өртеніп, қирап бүлініп жоқ болуға айналған.

Осындай шалғайдағы елді мекендердің бірі - қазіргі Қостанай облысы, бұрынғы Торғай даласындағы түкпірдегі Ақшығанақ ауылының тұрғыны Күлшай Құлжанқызы. Үкімет зейнетақыны өсірдік дегенімен, бұл жақтағы қарттардың алатын зейнетақысы мардымсыз, ешқандай өсім болмаған.

- Оншақты қой, бір-екі сиырмен күнелтіп отырмыз, - дейді Күлшай Құлжанқызы, - Оның үстіне шалғайда отырғандықтан малымыз да өтпейді, нақты бағасына сата алмаймыз.

Бұл ауылда 300-дей үй бар екен. Алайда соларға қызмет көрсететін дәрігер жоқ, емхана да жабылып қалған. Дәрі-дәрмек жоқ, сырттан шақырған дәрігер өзімен әкелген дәрісін қымбатқа сатады.Баламыз ауырып, келініміз толғатып қалса, қатты қиналамыз, дегенді айтады. Осыған байланысты ел ішінде бала өсімі сиреген.

Көкшетау өңірі мен Торғай даласындағы бүгінгі ауылдың шынайы келбеті міне, осындай.
XS
SM
MD
LG