Accessibility links

Мәжіліс халықаралық тасымалды дамытуға арналған заң жобасын мақұлдады


«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер экономикасының, әскери және қайырымдылық тасымалдауларының мұқтаждары үшін көлік комуникациялары желілерін пайдалану және дамыту туралы келісімді бекіту жөніндегі» заң

Қазанның 29–ы күні Қазақстан Республикасының Парламент мәжілісі «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер экономикасының, әскери және қайырымдылық тасымалдауларының мұқтаждары үшін көлік комуникациялары желілерін пайдалану және дамыту туралы келісімді бекіту жөніндегі» заң жобасын мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.

Жоба бойынша баяндаған қорғаныс министрінің орынбасары Абай Тасболатовтың айтуынша, келісімге қатысушы тараптар экономикалық, гуманитарлық тасымалдарға, сондай-ақ табиғи төтенше жағдайларды жоюда мемлекеттердің барлық көліктік коммуникациялары пайдаланылатын болады.

- Тәуелсіз мемлекеттер достастығының жалпы құрылымында келісімге қатысушы мемлекеттердің бірлескен іс-қимылын үйлестіру жөнінде механизм жасақтау көзделіп отыр.

Аталған келісім 2001 жылдың мамырында Минск қаласында бекітілген. Алайда, аталған құжаттың заң жүзінде бекітілуі Қазақстан Парламентінде екі жарым жылдан соң қаралып отыр. Депутат Жазбек Әбдиев, мұның себебін қорғаныс министрінің орынбасарынан сұрады:

- Бізге үнемі айып тағылады. Не себептен кешіктіріп әкелдіңіздер? Тез арада қаралса, талай мәселелер тиімді шешілетін еді.

Бірақ Абай Тасболатов, бұл мәселеде Қорғаныс министрлігінің кінәсі жоқ дегенді айтты.

Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Жекен Қалиұлының айтуынша, аталған құжатты қабылдау Қазақстанның қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейді.

Соңғы екі жылда Қазақстан халықаралық тасымалдарды дамытуда 11 конвенция мен келісімге қосылған.
XS
SM
MD
LG