Accessibility links

Қасқыр мен қойшылардың арасында келісім бар


Қазақстанның қаржы министрлігі ғана емес басқа да мемлекеттік мекемелері өздерінің ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігіне көңіл бөле бастады

Өйткені, қаржы министрлігінің қазынашылық мекемелерінде қаржының ұрлануы, ақпараттық жүйеде осал тұтастардың барын байқатты.

Бұл туралы қарашаның 3-і күні Парламентте өткен Үкімет сағатында Қаржы министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Оның айтуынша, қаржы министрлігіне қарасты Астанадағы қазынашылық органда 187 миллион 400 мың теңге ұрланған. Үкімет тапсырмасымен барлық аумақтық мекемелерге тексеру жүргізілген.

- Алматы облысы және Астана қаласының қазынашылық басқармаларынан тағы да жалпы көлемі 3 миллион теңгеден аса қаржыны құрайтын ақша ұрлау оқиғалары анықталған. Бұлар бойынша құқық қорғау органдарының қатысуымен тексеру жүргізілуде, - деді қаржы министрі Ерболат Досаев.

Министрдің айтуынша, алдағы жылдан бастап Салық комитетінде жаңа ақпараттық жүйе жұмыс істейтін болады.

Мәжіліс депутаты Хайрат Шалабаев, бір бет қағазды қымбат бағаға сатып жатқандар кімдерге арқа сүйеп отыр деген сауал қойды:

- Салық комитетінің алған құралдарына бланкілерді сатады. Оны жасайтын жеке фирмалар. Оның артында кім тұрғаны белгісіз. Ол қағаздардың біреуі -мың теңге. Оны басқа жерден сатып алуға болмайды.

Министрдің айтуынша, бұндай қағаздар ақысыз болуы керек. Алдағы жылы ол қағаздардың бағасы бюджетке енгізілмесе, онда барлық облыста бір баға болуы мүмкін.

- Қазақстанда осындай қағаздарды шығаратын 46 компания бар. Енді ол бағалардың бәрін құртамыз. Қазіргі уақытта Қазақстандық салық саласында бір ақпараттық жүйе. Оның қазынашылық жүйеден айырмашылығы жоқ. Мәселе, оның жүзеге асырылуында. Олардың атауы көп, әр жүйенің не беретінін, қаржы министрі болсам да өзім шатастырамын, - деді ол.

Министр өз баяндамасында Қазақстан басшысының айтқан сөздеріне сүйенген болатын. Алайда, бұл тәсілге Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы сын айтты:

- Сіз қойды ұрлатып алып, қорасын бекітіп жатқан қойшыны елестетіп отырсыз. Қоғамда қасқыр мен қойшылардың арасында келісім бар деген пікір бар.

Ерболат Досаевтің қаржы министрі болғанына бес ай болды. Оның айтуынша, осы кезеңде көптеген проблеманың беті ашылуда. Ол банкпен қаржы министрлігінің қазынашылық органдарындағы адамадар арасында байланыс бар деп есептейді.
XS
SM
MD
LG