Accessibility links

Ауғанстанның жаңа Kонституциясының жобасы дайын.


Ауғанстанның көп күттірген жаңа Kонституциясының жобасы дайын болды. Конституция жобасымен Ауғанстан халқын таныстыру салтанаты Қабул қаласында дүйсенбі күні өтті.

Дүйсенбі күні Ауғанстан астанасы Қабул қаласында Ауғанстан конституциялық комиссиясының төрағасы Нематулла Шахрани жаңа Конституция жобасын Ауғанстан президенті Хамид Карзаиге, осы елдің бұрынғы патшасы Мохаммад Захир Шахқа және БҰҰ-ның өкілі Лахдар Брахимиге ресми түрде табыс етті.

"Алла атымен бүгін бәріңіздің көз алдыңызда біз Ауған халқының ұлттық құжатын, яғни Ауғанстан өтпелі ислам үкіметінің Констиуциясын ұсынамыз".

Конституцияның жария етілуі бүгінгі Ауғанстан үшін бұл елдегі саяси жүйе мен исламның орнын белгілеуде аса маңызды қадам деп жазады тілшіміз Рон Синовитс. Талибаннан кейінгі реформаның бір маңызды көрінісі ретінде Конституция 500 кісілік халық өкілдерінен құралған Лоя Жырғада бекітілуге тиіс. Лоя Жырға алдағы айда шақырылмақ. Егер Лоя Жырға Конституцияны қабылдаса онда маусым айында Ауғанстанда жалпыхалықтық сайлау өтеді. Алайда, Ауғанстанда бас көтере бастаған жергілікті қарулы топтармен үкімет әскерінің шайқасы сайлаудың өтуіне кедергі болуы мүмкін. Бұ жәйлі үкіметтік емес ұйымдармен БҰҰ-ның өкілдері біраздан бері дабыл қағып келеді. Соның бірі дүйсенбі күні Қабулге келген Германияның БҰҰ-дағы елшісі Гунтер Плеугер:

"Басты проблема қауіпсіздік. Қауіпсіздік орнатпай маусымда өтетін сайлауға дайындалу мүмкін емес. Оған қоса қауіпсіздік қамтамасыз етілмей, саяси және экономикалық реформаларды да жүргізу қиын."

Конституция жобасын талқылау барысында, әсіресе, Ауғанстан үкіметіндегі билікті бөлу, Захир шахтың орны және Ауғанстанның заң жүйесіндегі Исламның рөлі туралы мәселелер қызу тартыс тудырды. Конституция жобасы бойынша Ауғанстан президенті бүкілхалықтық сайлауда сайлануға тиіс. Сондықтан да оның рөлі күшейтілмек. Конституция бойынша Ауғанстанда үкімет басының қызметін президент атқарады. Ауғанстан парламенті Лоя Жырға екі мәжіліске бөлінбек. Біріншісі Лоя Жырға, яғни ақсақалдар мәжілісі, екіншісі Волеси Жырға немесе халық өкілдері мәжілісі. Конституция Ауғанстан халқының төл діні исламды құрметтей отырып Шариғатты заңдық негізге алуды тоқтатуға шақырады. Конституция жобасында билік жүйесінде бұрыңғы патша Захир Шахқа ешқандай рөл берілмеген. Алайда оны ауған халқының атасы деп мойындаған.

Дүйсенбі күні өткен салтанатта Захир Шах ұлттық ауызбірліктің қажет екенін баса айтты:

"Бұ Конституция Ауғанстан халқын бақытқа, гүлденуге бастайды деп үміттенемін."

Human Rights Watch ұйымының өкілі Джон Сифтон Конституция жобасын талқылау барысында жергілікті қарулы топтар Лоя Жырға мүшелеріне қоқан-лоққы жасады дейді:

"Ашық талқылауға мүмкіндік бермеді. Шынтуайтына келгенде қолында мылтығы барлардың ғана Конституцияны жазуға мүмкіндігі болды."

Конституцияны қабылдауға тиіс Лоя Жырға мүшелері арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, олардың деніне қарулы топтар өлтіреміз деп қоқан – лоққылар жасап отырса керек.
XS
SM
MD
LG