Accessibility links

Әскери саладағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерiлмек


Қазақстан Республикасы мен Үндiстан Республикасы әскери саладағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделi. Үндiстан әскерилерiнiң көмегiмен Қазақстанның әскери теңiз күштерi мамандарын даярлау iсi жолға қойылмақ. Қарашаның 7-сi күнi Үндiстан қорғаныс министрi Джодж Фернандеспен кездесуiнен кейiн қазақстанның қорғаныс министрi Мұхтар Алтынбаев осылай деп мәлiмдедi. Оның айтуынша, ынтымақтастықты бiрнеше бағытта өрiстету көзделуде.

“Әскери мамандарды даярлау кезiнде ағылшын тiлiн үйрету, теңiзге және таулы жерлерге мамандандырылатын арнайы әскери құрамалардың мамандарын даярлау. Бұл салада Үндiстан әскерилерiнiң үлкен тәжрибесi бар. Каспиде құрылған әскери теңiз құрамасы және осы сала мамандарын оқытатын оқу орны үшiн үндiстандық әрiптестердiң тәжрибесiн пайдаланбақпыз”, -- дейдi Мұхтар Алтынбаев.

Әскери өндiрiс саласындағы қарым-қатынас арқауы да негiзiнен әскер-теңiз саласын қамтиды. Мұның себебi, Қазақстанның қару-жарақ өндiрушi кәсiпорындарының теңiз қарулы күштерi бағытында жұмыс iстейтiндiгiнен. Келешекте жаңа келiсiм-шарттарға қол қойылуы мүмкiн. Бұл ретте “Қазақстан инженеринг” компаниясымен жеке келiссөздер жүргiзiлмек. Алтынбаев мырзаның сөзiне қарағанда, торпедо қаруын шығаратын бiрлескен кәсiпорын құру да ойда бар.

Ал Үндiстан қорғаныс министрiнiң айтуынша, бұған дейiн терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастыққа жөндi көңiл бөлiнбей келдi. Ендiгi кезекте осы мәселеге баса мән берiлмек.
XS
SM
MD
LG