Accessibility links

Қазақстан басшыларына пара берді деген күдік "Петрокан" мұнай компаниясы жөнінде де жарияланды


Американың мұнай компаниялары Қазақстанның екі жоғарғы басшысына 78 миллион доллар пара берді деген тергеу қызу жүріп жатқаны белгілі. Бұл іске президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысы бар деп көп айтылады. Қазақстан басшыларына пара берді деген күдік өткен аптада американ-канадалық бірлескен "Петрокан" компаниясы жөнінде де жарияланды. Компанияның ісі қазір мұқият тексеріліп жатыр.

"Глоб энд Мейл" басылымы 29-шы қарашада жариялағандай, американ-канадалық бірлескен "Петрокан" компаниясы Қазақстанда біраз күдікті ақша төлемдерді жасаған. Америка Құрама Штаттарының "Шетелдегі коррупциялық істер жөніндегі" заңы бойынша бұл төлемдер сыбайласқан жемқорлық қимылы деп табылады. АҚШ 1970 жылы арнайы заң қабылдап, американдық кез-келген компанияға не болмаса кез-келген азаматқа бизнес мүддесіне бола шетел мемлекеттерінің ресми адамдарына пара беруге тиым салған.

Американ-канадалық бірлескен "Петрокан" компаниясы Қазақстанда Данияның "Маэрс ойл" компаниясымен қоса бірлескен жоба атқарады, акциялары 40 пайыз болғандықтан, бақылау күшіндегі деп есептелмейді. "Петрокан" компаниясы Сирия, Тунис, Алжир, Ливия және Венесуела елдерінде де бизнес жүргізеді. "Петрокан" компаниясы АҚШ Ұлттық құнды қағаздар комиссиясына есеп берген, ол құжатта баяндалған кейбір төлемдер жөнсіз деп табылуы мүмкін, деп жазады "Глоб энд Мейл" басылымы. "Петрокан" компаниясы жасалған төлемдердің материалдық сипаты болған жоқ дейді. Дегенмен, күдік пайда болған соң "Петрокан" компаниясы АҚШ әділет министрлігіне өз еркімен мәлімет берді және өз тергеуін бастады. "Петрокан" компаниясы Ұлттық құнды қағаздар комиссиясына да, Әділет министрлігіне де мәселені анықтауға атсалысамыз деп айтты.

Қазақстанда "Петрокан" компаниясы қандай күдікті төлемдерді жасағаны, дегенмен егжей-тегжейлі айтылмады. Компания өкілі Хелен Уиесли Ұлттық құнды қағаздар комиссиясының тәртібіне сілтеме жасап және компанияның өз тергеуіне сілтеме жасап, мәліметті әзірше тарқатып айтпайтындарын білдірді. "Петрокан" компаниясының қызметі АҚШ сотында қаралып жатқан Джеймс Гифеннің ісімен қаншалықты байланысты екені де анық емес. Американдық банкир, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған Джеймс Гифеннің Қазақстандағы күдікті істері 1995-2000 жылдары жасалған. Джеймс Гиффен американдық "Филипс Петролеум" және "Мобил" компанияларына миллиардтаған доллардың пайдасын әкелетін келісімдерге бола Қазақстанның екі басшысына миллиондаған доллар пара төледі дейді АҚШ әділет министрлігі.

"Петрокан" компаниясы Қазақстанда бұл уақытта әлі болмаған. "Петрокан" 2002 жылы "Веба ойл энд газ" компаниясының акцияларын сатып алып, Қазақстан базарына келген. "Петрокан" енді Қазақстаннан кетеміз деп мәлімдеді. Калгари қаласында орналасқан "Ферст Энерджи кэпитал" корпорациясының сарапшысы Уильям Лейсли күдікті төлемдер жөнінде "Петрокан" компаниясының тезірек ашылғаны, өз еркімен мәлімет беріп жатқаны құптарлық жағдай, Ұлттық құнды қағаздар комиссиясы бірінші болып әңгіме көтергенде шатақ әлдеқайда көп болушы еді деп сипаттады.

"Петрокан" компаниясы Қазақстандағы бизнесінен құтылғысы келгені "Глоб энд Мейл" басылымының 1-ші мамырдағы парағынан да білініп отыр. Бірқатар елде бизнесін ұлғайтуды ойластырған "Петрокан" Қазақстандағы шаруаларын небәрі бір жылдан соң қысқартпақ болған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG