Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Қазақстан мемлекеті тәуелсіздігінің он екі жылдығына орай және тағы да басқа құқықтық, әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

Желтоқсанның он алтыншы жұлдызында Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алғанына он екі жыл толады. Өркениетті елдерде бұл мереке ұлттық мейрам ретінде тойланатындығы белгілі. Қазақстанда да осы күн әр адамның жүрегіне қуаныш ұялататын мерекеге айналып отыр ма? “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген мақаласында Гүлжан Ерғалиева осы тақырып төңірегінде ой толғапты. Гүлжан Ерғалиева мемлекеттік мейрамдардың Қазақстандағы қарапайым адамдардың жүрегін тебіренте алмайтындығын айта келіп, ұлтық намыс, патриотизм деген ұғымдардың жойылып кеткендігін тілге тиек етеді. Әлеуметтанушылардың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетінде өз өміріне разы емес адамдардың саны 3,5 милионнан асып жығылады екен. “Сонымен қатар зейнетақасына бір тиын қосылмаған бір миллионға жуық зейнеткерлер де осы күнді қуанышты күйде қарсы ала қоймас” деген мақала авторы Қазақстан тәуелсіздік алғанмен әділеттіліктің орнамай жатқандығына тоқталып өтеді. Заңгерлердің келтірген деректеріне жүгінсек, Қазақстанда жылына елу мың адам заңсыз сотталады екен. Үстіміздегі жылы Қазақстан мемлекетінің жүзге жуық журналисті жауапқа тартылған. Мақала авторының айтуынша, Қазақстандағы оппозициялық партиялар мен қозғалыстар қудалауға ұшырап, ылғи да биліктің қырағы бақылауында тұратын көрінеді.

“МК в Казахстане” басылымының бейсенбілік санында Қазақстан тәуелсіздігінің он екі жылдығына орай 1986 жылдағы желтоқсан оқиғасына қатысып, қуғынға ұшыраған әйел Күлбағиса Долдиновамен сұхбат жүргізілген. Күлбағисаның айтуына қарағанда сол жолы адамардың бәрі де бейбіт шеру ғана болады деп ойлаған. Сол жылдары осы желтоқсан оқиғасын ұлтараздық қақтығыс ретінде көрсетуге тырысқандардың табылғаны да рас. Бүгінгі таңда кейбіреулер бұл оқиғаны көтеріліс ретінде көрсетуге әрекет етіп жүр. Күлбағиса Долдинова осы беріліп жатқан бағалардың ешқайсысымен де келіспейтіндігін білдіріп өткен. Оның айтуынша, желтоқсандағы көтеріліс кездейсоқта орын алған болған оқиға. “Біз алаңға келгенде бейбіт тұрған адамдардың бәрі де “Қазақстан” әнін айтып тұрды”дегене Күлбағиса солдаттардың өзін қалай аямай соққыға жығып, қаланың сыртына апарып тастағандығын тілге тиек еткен.

“Түркістан” басылымының 11 желтоқсан күнгі санында да тәуелсіздік тақырыбына арналған “Он екі жыл – он екі белес” атты көлемді мақала беріліпті.Сондай-ақ газеттің осы санында жарық көрген Жаңабек Шағатайдың мақаласында мұнай тақырыбы сөз болыпты. Мақала авторы Қазақстан мұнайына қызыға қарайтындардың көп екендігін айта келіп, оның тасасында қандай мүдделердің тоғысып жатқандығына байланысты талдау жасайды. Мамандардың есептеуінше әлемде қазір 63 мыңнан астам трансұлттық компаниялар бар көрінеді және олардың 700 мыңдай филиалдары жер шарын өрмекшінің торындай шырмап жатыр. Мақала авторының айтуынша Қазақстан мұнайы да біреулердің май шелпегіне айналуы ықтимал.

“Время” апталығының кезекті санында журналист Генедий Бендицкий Қорғаныс министрлігіне бөлінген бір жарым миллион доллардың ұшты-күйлі жоғалып кеткендігіне байланысты мақала жазғаннан кейін, өзінің үстінен қылмыстық істің қозғалғандығын тілге тиек етіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жазыпты. Журналистің үстінен сотқа шағым түсірген “Республикалық инновациялық қордың” төрағасы Асығат Жабағин екен. Мақала авторының келтірген деректеріне сүйенсек, мемлекет тарапынан бөлінген мол қаржы осы қордың есеп-шоты арқылы жоғалып кетіпті. Мақала авторы бұл оқиға түсінбестік туғызып отырған жайттар көп деп есептейді. Мысалы Қорғаныс министрлігіне бөлінген қаржылық операцияның белгісіз бір қордың есеп-шоты арқылы жүргізілуі мүлде ақылға симайды” деген мақала авторы бұл оқиғада сыбайласқан жемқорлықтың белең алып отырғандығына тоқталып өтеді.

“Оралдық шенеуніктердің мәдениеті Көшербаевпен бірге көшіп кетті” деп жазады Қазыбек Құттымұратұлы “Жас алаш” газетінің бейсенбілік санында жарық көрген мақаласында, Мақала авторының айтуынша, Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен кеткеннен кейін, оның соңында қалған атқамінерлердің “өнерге деген сүйіспеншілігі” тез суып қалыпты. Сонымен қатар жаңа әкім туралы қазір “Ақ Жайық” бойында жақсы әңгіме жоқ көрінеді. Жалпы Нұрғали Сәдуақасұлының жұмыс стильі жабық, жұмбақтау екен.. Ол кісі келгелі бері облыстағы қаржы полициясы департаментінің басына жаңа адам келіп, облыс әкімінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары ауысыпты.

“Известия Казахстан” басылымының соңғы санында қоғамды демократияландыру жөніндегі тұрақты кеңестің жетінші отырысы болып өткендігі хабарланған.
XS
SM
MD
LG