Accessibility links

Бiлiм мен ғылым жүйесiн реформалаудың жаңа тұжырымдамасы жасалды


Қазақстанның Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жаңа тұжырымдамасы Үкiметтiң келесi аптада өтетiн отырысында қаралады. Тұжырымдаманың мақсаты Қазақстандағы бiлiм жүйесiнiң әлемдiк стандарттарға сәйкестендiрiлген ұлттық моделiн қалыптастыру. Онда сатылап бiлiм беру бағдарламаларын сабақтастыра дамыту көзделген. Тұжырымдама мақұлданатын болса, келесi жылынан бастап оны жүзеге асыру шаралары қолға алынбақ. Басты бағыттардың бiрi --12 жылдық орта бiлiм жүйесiне көшу.

Балалар мектепке алты жастан тартылады. 11-шi және 12- сыныптар тереңдетiлген түрде үш бағыттама бойынша оқыталады. Бiрiншi бағыт--, жаратылыс пәндерi , яғни, математика, физика, химия және биология, екiншi бағыт—гуманитарлық пәндердi тереңдетiп оқыту, ал үшiншi бағыт техникалық мамандықтарға баулу.

Тұжырымдамада лицейлер мен кәсiби техникалық мектептер қамтылып келген бастауыш кәсiби бiлiм саласын орта бiлiм бағдарламасына енгiзу көзделедi. Ал орта арнаулы бiлiм колледждер деңгейiнде, яғни, орта мектептерден жоғары сатыда оқытылатын болады.

Алда тұрған тағы бiр мақсат – қазақстандық жоғары оқу орындары дипломдарының әлемнiң дамыған елдерiнде де жарамды болуына қол жеткiзу. Бiлiм және ғылым министрi Жақсыбек Құлекеевтiң айтуынша: «Бiлiм берудiң бұл жүйесi бакалавр және магистр деген екi сатыға көшiрiлетiн болады. Бакалаврлардың оқу мерзiмi төрт жыл. Магистрлер экономика және ғылым салаларына бөлiнiп, жеке-жеке оқытылады. Бұлардың алғашқылары екi жылға дейiн, ал ғылым саласындағылары кем дегенде екi жыл бiлiм алатын болады. Мұның сыртында ғылыми педагогикалық қызметпен айналысатын ғалымдар 3 жылдық докторлық бағдарлама бойынша даярланады».

Құлекеев мырза, Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Серiкболсын Әбдiлдиннiң сұрауымен Парламенттiң Халықаралық iстер, қорғаныс және қауiпсiздiк жөнiндегi комитетiнiң отырысында аталған тұжырымдама бойынша түсiнiктеме бердi. Депутаттардың: «Бiлiм және ғылым министрлерi жиi ауысатындықтан бұрынғы бағдарламалар қағаз жүзiнде қалып қойды. Мына тұжырымдаманың солардың кебiн құшпасына кепiлдiгiңiз бар ма?» -- деген сұрағына Құлекеев мырза : «Менiң де қанша отыратыным бимәлiм. Осы қызметке келгеннен кейiн бiрден тұжырымдама жасауға кiрiсiп, ендi оны тезiрек бекiттiрiп алуға жан салып жүргенiм де сондықтан», -- деп жауап қайтарды.
XS
SM
MD
LG