Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылым беттерінде Қазақстан үкіметіне қарасты газеттің “американдық конгресмендер үшін қарар қабылдағаны” туралы мақала және үкіметтің “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы”, “Сайлау туралы” заң жобаларына қатысты қоғамдық ұйымдардың сын пікірлері берілген материалдар жарық көрді.

“Қазақстанның тәуелсіздігі күні қарсаңында “Казахстанская правда” газеті американдық конгресмендер үшін қарар қабылдап, оқырмандарын адастырды. Газеттің желтоқсанның 13-і күнгі санында былай жазылған: “біздің республикамыздың тәуелсіздігі күні қарсаңында Вашингтоннан жағымды жаңалық келіп түсті: қарашаның 25-і күні АҚШ Сенаты мен Конгресс өкілдері палатасы біздің еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы бірқатар жетістіктерін жоғары бағалай отырып, Қазақстанға қатысты біріккен қарар қабылдады. Әрі қарай қарар мәтіні берілген”, - деп жазады “Ассанди таймс” газетінің тілшісі Нұрахмет Кежеев. Ол одан әрі қарай қазақстандық сайттардың біріне сілтеме жасай отырып, былай деп жазады: “АҚШ Конгресінің ресми құжаттарына қарағанда, 86-шы нөмірлі бұл қарар сенаторлар Ландре мен Бернс арқылы ұсынылып, дауыс беруге қойылмаған, тек Конгрестің халықаралық қатынастар бойынша комитетінің назарына ұсынылған. Келтірілген бұл жобаның фотокөшірмесі оның қабылданғанының айғағы емес. ” Сондай-ақ осы газеттегі “Мені коммунист деп есептеңдер!” деген мақалада Қазақстанның демократиялық таңдау қозғалысы лидерлерінің бірі, депутат Төлен Тоқтасыновтың Қазақстанның коммунистік партиясы қатарына өткені хабарланған. Оның айтуынша, мұндай қадамға ол “саналы түрде барыпты, партия бағдарламасын құп көреді”.

Ал Қазақстанның демократиялық “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ораз Жандосовты тәуелсіздік мейрамы қарасаңында Қазақстан президенті “Құрмет” орденімен марапаттағанын жазады “Эпоха” газеті.

Үкімет әзірлеген “Сайлау туралы ” және “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобаларының қоғамдық ұйымдар тарапынан сынға алынып отырғанын газеттердің соңғы сандарынан байқауға болады. “Барлығын зерделеген адамға “Сайлау туралы” үкіметтік заң жобасында жасырын жатқан “мина” бар екенін аңғаруға болар еді, - дейді “Ақ жол Қазақстан” газетінің бетінде заңгер Жиенбек Бұлжанов. Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы заңның талаптарына сәйкес аймақтық және аумақтық сайлау комиссияларын Орталық сайлау комиссиясы облыс әкімінің ұсынуымен құрады. Ал мына “жалпы халықтық талқылаудан өтіп”, қараша айында парламентке келіп түскен үкіметтік заң жобасында “әкімдердің ұсынуын” алып тастап, жоғарғы сайлау комиссиялары төменгі деңгейдегі комиссияларды саяси партиялармен өткен ақылдасудан кейін құрады деп көрсеткен. Бірақ қандай партиялармен, қай жерде, қалай ақылдасатындығы айтылмаған. Сондай-ақ “ақылдасудың” қандай күші бар, қандай нәтиже беретіндігі заңда ашып көрсетілмеген”.

Жуырда қайта шыға бастаған “Қазақстан” апталығында “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” үкіметтік заң жобасын сынға алған Серғазы Мұхтарбековтің “Өзгертуден көз ашпай-ақ қойған...” атты мақаласы жарық көрді. “Ата заңымызда атап көрсетілгеніне қарамастан, бостандыққа бастар жолдарымызды жыл сайын қырумен келеді”, - дейді тәуелсіз газеттің бас редакторы. Айтпақшы, “Ассанди таймс” газетінің соңғы санын негізіген осы тақырыпқа арнап, ақпарат министрлігінің заң жобасына қарсылық білдірген республикалық, халықаралық қоғамдық ұйымдар мен журналистердің Қазақстан Парламенті мен президентіне арнаған үндеулері жариялаған.

“Ғасырдың соңында қазақ 2,5 есе өсіп отырмыз, шындаса қазақ 2050 жылдары 20 миллионнан асады. Өсу потенциалы жоғары, бірақ әлсіреуі де мүмкін”, - дейді “Отан” партиясына қарасты “Дала мен қала” газетінде белгілі демограф Мақаш Тәтімов “Мен “Отан” партиясын қолдаймын” деген сұқбатында. Оның айтуынша, президенттің қазақтар санын 2015 жылға дейін 20 миллионға жеткізу керек дегенін жүзеге асыруға “табиғи өсіміміз жеткіліксіз. Асып кетсе, 1-1,5 миллионға ғана өседі”. Қалған 3-3,5 миллионды жинау үшін “шет елде жүрген оралмандардың ең құрығанда жартысын қайтару керек”.

Ал Қазақстанның қазіргі халқының 15 пайызының тұрмысы нашар. “Республика бойынша ауылдағылардың 40 пайызы кедейшілікте өмір сүруде. Мәселен, Маңғыстау облысындағы ауылдарда қайыршылық 95, 5 пайызды құрайды”, - деген мәлімет таратады “Отан” партиясының құзырындағы екінші басылым “Страна и мир” газеті.

AzattyqTV

Астана маңындағы ауыл

Қояндылықтар жол сұрайды

XS
SM
MD
LG