Accessibility links

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов шартты жағдайдағы шектеулі бостандыққа қол жеткізді


Бұған дейін Алматы облысындағы Заречный түрмесінде жазасын өтеп отырған журналист Сергей Дуванов өзіне берілген жазаның үштен бір мерзімін өтегендіктен өкімет өткен жылдың желтоқсан айының соңғы күндері оған сәлде болсын рахымшылдық көрсетіп қалған жазаны шартты түрдегі шектеулі бостандық жағдайында өтеуге болады деген ұйғарым шығарды. Осы ұйғарым бойынша Сергей Дуванов жаңа жыл шыға түрмеден басқа жерге ауыстырылып, онда он күндей карантиндік жағдайда болып ақыры қаңтардың 14 і күні өзінің үйіне шығып келді.

Ал қаңтардың 15 і күні журналист Сергей Дуванов бұрын өзі жұмыс істеп тұрған Алматыдағы Гоголь көшесі мен Ш.Қалдаяқов көшесі қыйлысындағы екі қабат ескілеу үйде орналасқан Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөнінідегі халықаралық бюроға келіп өзінің қорғаушы-адвокаттарымен, жақын жора жолдастарымен, әріптес-журналистермен, кейбір халықаралық ұйымдардың өкілдерімен және Қазақстандағы АҚШ елшілігінің өкілдерімен кездесті. Сергей Дувановпен болған осы кездесу кезінде Азаттық радиосы атынан одан қал жағдайын сұрағанымызда ол өзінің мүлдем бостандыққа шықпағандығын, өзіне заңсыз берілген жазаның үштен бір мерзімін өтегені үшін шартты түрдегі, шектеулі жағдайдағы бостандыққа қол жеткізгендігін мәлімдеді. Ол енді тек қана өз үйі мен жұмыс орнында ғана уақыт өткізеді. Оның әрбір қадамы, әрбір қозғалысы қатаң бақыланады. Азаттық радиосына ол өзіне тағылған кінаны мойындамайтындығын, шындық, әділет үшін бұл заңсыз тағылған кінаның өзінен алынып тасталуы үшін күресетіндігін білдірді.

Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директорының орынбасары Жеміс Тұрмағамбетова болса Сергей Дуванов қаңтардың 15 нен бастап бюродағы өзінің бұрынғы жұмысына кірісетіндігін хабарлады. Қазақстандағы демократиялық күштер Сергей Дувановтың жартылай болсын бостандыққа шығуына қуаныштарын білдірумен бірге бұл қоғамды демократияландыру жолындағы үлкен жеңіс деп бағалап отыр.
XS
SM
MD
LG