Accessibility links

2006-шы жылға дейін телемедицина жүйесі Қазақстанның барлық өңіріне енгізілетін болады


2006-шы жылға дейін телемедицина жүйесі Қазақстан Республикасының барлық өңірінде іске қосылатын болады. Қаңтардың 19-ы күні парламентте өткен үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев осылай деп мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұл аудандық ауруханадан, облысқа, ал, қиындық туған жағдайда республикалық деңгеймен де байланысып, ауру туралы ақпарат беру арқылы, диагноз қоюға және емдеуге мүмкіндік береді.

- Телемедицина арқылы ең алыс ауданда тұрып жатқан адамдар екі сағаттың ішінде өте сапалы, жоғары көмек алуына болады. Бұл диагностика және емдеу мәселесіне де қатысты. Сондай-ақ 2006-шы жылы жылжымалы телемедицина түрі де болады. Модуль автокөліктің ішінде болады. Әр ауылдарға барып, адамдарды тексеріп, қиналып қалған кез болса, ауданнан мәлімет алып, диагнозын қойып, емдеуге болады, - деді Жақсылық Досқалиев.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, кепілді медициналық көмек енгізілгеннен кейін мемлекеттік емханаларда ақылы ем қолданылмайды.

- Ақылы емханалар мемлекеттен тыс емханаларда болады. Қазір де осындай жағдай. Бірақ 2005-ші жылдан кейін кепілді медициналық көмек көрсетілетін болғаннан соң көп нәрселер өзінен-өзі жойылып кетеді. Сондықтан мемлекеттік емханаларда ақылы ем қолданылмайды. Қазіргі уақытта бар ақылы бөлімдер 2005 жылдан кейін өз міндеттерінен босатылады, - деді Денсаулық сақтау министрі.

Министрдің айтуынша, биылғы жылдан бастап, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмек ақысыз болады. Ауылдық, аудандық медициналық мекемеде ақысыз қызмет көрсетіледі. Туберкулез, психикалық, наркологиялық ауруларға көмек көрсететін мекемелерде қызмет ақысыз болады. Сондай-ақ оның айтуынша, биылғы жылы алғашқы медициналық –санитарлық көмек ақысыз көрсетіледі. Қажетті қаржы жергілікті бюджетте қаралған.
XS
SM
MD
LG