Accessibility links

“Жарнама туралы” заң талаптары орындалмай отыр.


Қаңтардың 21-і күні болған Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Әбдіжәлел Бәкір “Жарнама туралы” заңның орындалмай отырғандығы жайында мәселе көтеріп, бас прокурор Рәшид Түсіпбековке сауал жолдады.

“Жарнама туралы” заңның 13-і бабының 1-тармағына сәйкес 2004 жылдың 1-қаңтарынан бастап алкоголь өнімдерін жарнамалауға тиым салынғаны белгілі. Алайда қазір бірқатар теларналарда алкоголь өнімдерін жасырын түрде жарнамалауға жол беріліп отыр. Мысалы, “Парламент” деген алкоголь өнімінің тауар белгісін жарнамалай отырып, оның астына “табиғи таза су” деп жазып беріп жүр. “Бұл сияқты мысалдар көп”- дейді Мәжіліс депутат Әбдіжәлел Бәкір.

“Бүгінде алкоголь өнімдерін жарнамалауда қулықтар жасалып жатыр. Арақтың өзін көрсетпегенімен, арақтың тауарлық белгісін пайдаланып сусындарды көрсетіп, жасырын жарнамалауға көшкен. Бұл да заңды бұзушылық. Жарнама деген ұғымды әлі түсінбеушілік. Жарнамаға нақты тауар жатады, қызметтер және сол тауардың белгісі жатады. Сондықтан арақты көрсетпей, арақтың атымен басқа нәрсені жарнамалаудың өзі дұрыс емес. Тағы бір мәселе “Темекі шегудің алдын алу және шектеу туралы” заң бар ғой. Осы заңның 9-ы бабында мәдени орындарда, оқу орындарында, транспортта, тамақтанатын жерде темекі шегуді тыю жөнінде норма бар. 2004 жылдың қаңтар айы аяқталайын деп отыр, ал ол заң 2003 жылдың 1-сәуірінен бастап жүзеге асуы тиіседі, ол мәселе қазір алаңсыз қалды. Ешкімнің ештеңеде шаруасы жоқ”.

Депутат Бәкір “Жарнама туралы” заң қабыданғанымен оның орындалуын бақылауға Парламенттің еш құқы жоқ. Ал атқарушы органдар заң бәрімізге ортақ деп қол қусырып отыр”- дейді.

“Біз жай қозғалатын халықпыз. Заң шығарардан бұрын, осыны бақылау мәселесін анықтап алмадық. Заң шыққаннан кейін, әкімшілік орындары жарнамамен айналыстан орындардың өкілдерімен кездесіп, осы заңның дұрыс орындалуына назар аударуы керек. Жарнаманы түсіндіруде артық болмаған болар еді. Заңның орындалуын қадағалайтын болса, оны жүзеге асыруда қандай іс-әрекет жасау керек. Осы мәселенің басын ашып алу қажет”.

Әбдіжәлел Бәкір сауалының соңында бас прокурордан “Жарнама туралы” заңның дұрыс орындалуына қадағалау жүргізуін сұрады.
XS
SM
MD
LG