Accessibility links

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан 320 адам қажылық парызын өтеуге аттанбақ


Сәрсенбіде Алматыдағы Орталық мешітте биылғы қажылық сапарға аттанатын 320 адам жиналып, қасиетті сапар алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі және осы сапарды ұйымдастырып, Мекке - Мединеге апарып келуші «Спутник» туристік фирмасының өкілдерімен кездесті. Қажылық сапар барысында туындайтын мәселелер жөнінде ой бөлісті.

Биылғы сапар 15 күнге созылады. 320 адам он топқа бөлініп, әр топты имам басқарып жүреді. Олардың арнайы дәрігері болады. Халықаралық туристік фирмасы қажыға барушы азаматтардың сапарына, сонда жүріп-тұруына, мұсылмандық парыздарын өтеуіне жағдай жасайды.

- Қажылық исі мұсылман баласының үлкен парызы. Біз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы сапардың жақсы өтіп, қажылықтың сәтті болуын ұйымдастырдық. Осыған орай өз қаражаттарымен он имам әр топқа жетекшілік етіп кетіп барады, - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі.

Қажылық сапарға әрбір адам екі мың АҚШ доллары көлемінде қаражат төлеп, Ыстамбұл арқылы барады. Әр адамның төлеген қаржысы жол сапарына, сонда жататын орны мен тамағына төленеді.

Қазақстаннан бұдан басқа да қажылық сапарға аттанушылар бар. Олардың бәрі Құрбан айт мерекесі қарсаңында қасиетті Мекке-Мединеде құрбандыққа мал шалады.
XS
SM
MD
LG