Accessibility links

Депутаттар тағы да жарнамаға байланысты заң бұзылып отырғандығы жайында мәселе көтерді


Қаңтардың 22-і күні Парламент Сенатының жалпы отырысы болып, онда жақында ғана өздері сайланған аймақтардан оралған сенаторлар сайлаушылардың көтерген мәселері бойынша депутаттық сауалдар жолдады. Сенатор Оңалбек Сәпиев Үкімет басшысы Даниал Ахметовтің атына жолдаған депутаттық сауалында жарнамаға байланысты заң бұзушылықтарға жол беріліп отырғаны жайында мәселені қозғады.Сенатор Сәпиевтің айтуынша “жарнама туралы заң күшіне енгенімен алкоголь өнімдерін көшелерде жарнамалау әлі де жалғасуда”.

Сенатор Оңалбек Сәпиев: “Құрметті Даниал Кенжетайұлы! Мен бүгін Парламент қабылдаған заңдардың орындалмай жатқаны жайында айтпақшымын. Сөз “Жарнама туралы”заң төңірегінде болмақ. Алкоголь өнімдерін жарнамалауға тиым салу 2004 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа ие болды.Бірақ оған қарамастан іс-сапар барасында байқағаным ел ішінде арақ-шарапты жарнамалау әлі тиылмаған. Мен мұндалап шақырып тұрған ащы судың көшелердегі жарнамалары әлі бар. Жергілікті органдар тарапынан заң талаптарының сақталуы үшін жұмыс істеп жатқан еш әрекет көрінбейді.

Мемлекетіміздің бас қаласы Астананың өзінде арақтың жарнамасы айқын, көше бойларындағы көкке мойнын созған ішімдік шишаларының жарнамасын көресің. Бұл пайдалы бизнес екенін білеміз. Бірақ басқа елдерде алкогольді жарнамалағанды көрдіңізі бе? Әлде біздің елдің заңы заң емес пе? “Жарнама туралы” заңның талаптары неге сақталмайды. Әлде атқарушы билік заңның орындалу, орындалмауы туралы Парламент заң шығарып бергенін күтіп отыр ма? Үкімет осы мәселеге байланысты нақты жауап берер деген ниетпен сауал жолдап отырмын”.


ҚР Конституциясының 66-бабының 3-і тармақшасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі заңдардың орындалуын қамтамасыз етуі керек. “Алайда билік басындағылар бұған немқұрайлы қарап отырған сияқты” - дейді Оңалбек Сәпиев.
XS
SM
MD
LG