Accessibility links

Қазақстан Қытайға жер беріп жатыр деп Қытай ресми бұлақтарында 22 қаңтарда тағы айтылды


Қазақстан Қытайға жеті мың гектар жерді жалға берді деген мәселе қоғамды дүрліктіріп тұр. Қытайдың бас партиялық газеті "Жемин Жибаодан" шыққан мәліметті Қазақстан ресми орындары жоққа шығарған болатын. Кейбір президентшіл депутаттар мәліметті "жала", "араңдату" деп тапты. Қытайтанушы ғалым Мұрат Әуезов болса Қазақстан ресми мекемелері көргенсіздік танытады, Қытайға жер расындада беріліп жатыр деп сипаттайды. Енді міне Қазақстан Қытайға жер беріп жатқаны Қытайдың ресми бұлақтарында бейсенбі күні тағы айталды.

Қазақстан Қытайға жеті мың гектар жерді жалға берді деген мәлімет Қазақстан қоғамында ерекше құлаққағыс тапты. Алғашқы хабар 18 желтоқсанда Қытайдың бас партиялық газеті "Жемин Жибаодан" шықты. Қалың жұртшылыққа ол "Рейтерс" агенттігінің Қытайдағы тілшісі арқылы тарады. Қазақстан ресми орындары оншақты күннен кейін мәліметті жоққа шығарды. Дегенмен, ресми орындардың жауабына қанағаттанбаған Қазақстандағы сарапшылар тақырыпты одан сайын зерттеп жатыр. Енді міне, Қытай ресми бұлақтарында қаңтардың 22-де даулы мәселеге қатысты тағы бір мәлімет жарық көрді. Қазақстан оппозициясына жақын "Куб" сайтында көшіріліп басылған хабарды сілтеме бойынша "Синхуа" агенттігінің сайтында тексергенімізде аталған мәлімет дүниеде расында бар екені анықталды.

Сонымен, "Синхуа" агенттігінің интернет сайтында ағылшын тілінде жарияланған мәліметті толық баяндасақ. Мұнда Шыңжан Ұйғыр автономиялық республикасының Іле Қазақ автономиялық облысы Қазақстан аймағымен қаңтар айының басында келісім жасасқаны айтылады. Қазақстанның дәл қай әкімшілік ауданымен келісім жасалғаны көрсетілмеді. Дегенмен, Қытай Қазақстанға 100 тәжірибелі диқанмен ауылшаруашылық техника жүргіузшілерін жолдап отырғаны тайға таңба басқандай жазылды. "Бұл адамдар Қазақстандағы әріптестеріне диқан шаруашылығын жүргізуге және егін су жолдарын жөндеуге көмектесуге жіберіліп отыр", дейді "Синхуа" агенттігі 22 қаңтардағы хабарында.

Қазақстан Қытайға жеті мың гектар жерді жалға берді деген мәлімет мұнда расталып отыр. Тек ол жер бұрын айтылған он жылға емес, алдағы үш жылға беріледі деп көрсетілді. Қытайдан үш мың адам келетіні сөзбе сөз қайталанды. Бұлар "Іле облысынан келетін үш мың көмек қолы" деп қарапайымдау көрсетілді "Синхуа" агенттігі хабарында.

Сонымен, Қытай ресми орындары екінші рет ауыз толтырып жариялаған мәліметті Қазақстан ресми орындары осы жолы жоққа шығара ма екен? Жоқ әлде "бұл ұлы көрші елмен тату болуға, серіктестікті дамытуға қажет игі қадам" деп сипаттай ма екен? Бұл алдағы бір-екі аптада байқалады. Қазақстан үкіметі жер берілді деген әңгімеге әзірше қатты шамданып отыр. Сыртқы істер министрлігі біржолата жоққа шығарса, парламенттегі президентшіл депутаттардың бірі Уәлихан Қалижан мәліметті "араңдату" деп тапты, ал мәліметті күнделікті қызметы барысында жариялаған баспасөз құралдарына қарсы шара қолдануға шақырды.

Қазақстан сарапшыларының бірі, Қытайдағы бұрынғы елші Мұрат Әуезов ресми орындардың мұндай тірлігін "шикілік" деп тапты. "Жеке бұлақтардан алған мәліметіме қарағанда, Қазақстан Қытайға расындада жер беріп жатыр", деді Мұрат Әуезов "Азаттық" радиосының Алматы бюросына.

Сонымен, Қазақстан Қытайға жер беріп жатыр деген әңгіменің енді екінші толқыны көтерілетін сияқты. Қытайдың бас партиялық газеті "Жемин Жибао" 18 желтоқсанда жариялаған әңгіме Қазақстанда міне бір ай шулап тұр. Шулағанда – баспасөз назарынан шығармайды, жекелеген қоғамдық қайраткерлер үкіметтен анығын талап етеді. Екінші жағынан қарағанда, "Аттан, Қазақстан" сияқты "отансүйгішпіз" деп өзін өзі жариялайтын үкіметшіл ұйымдар осы жолы үнсіз.

Ал сонау 18 желтоқсанда "Жемин Жибао" газетінің ағылшын тіліндегі сайтында жарияланған мәліметте елеусіздеу бір дерек бар еді. Жеті мың гектар он жылға алынды, үш мың қытай диқаны Қазақстанға осы көктемде барады деген мәліметте арнайы құрылған кәсіпорынның атауы да аталды. Бұл Алматы облысы Алакөл ауданында орналасқан "Сино-Қазақстан" компаниясы. Оның директоры – Ху Фең деген азамат.

AzattyqTV

AzatNews 24.05.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:31 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG