Accessibility links

Қазақстанда балаларға арналған жаңа оқулық шығару мәселесіне арналған басқосу өтті


Жақында «Арман» баспасынан қазақ тілінде «Мен оқимын, ойлаймын, ойнаймын» деген тақырыпта балаларға арналған кітап жарық көрді. Бұл бастауыш сынып оқушыларына арналған оқу құралы. Кітапқа шағын өлеңдер мен тақпақтар, ертегілер мен мысалдар, аңыз әңгімелер енгізіліп отыр. Кітап авторы Еңбек ері, қарт ұстаз Рафиқа Нұртазина мен Сейсенова.

Осы кітаптың шығуына орай жұма күні Алматыдағы Ұлттық баспасөз орталығында бірқатар баспагерлер мен ұстаздар жиналып, ойларын ортаға салды.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері балаларға арналған кітаптар мен оқулықтардың сапасы төмендеп, оның шығу данасы азайып кеткені соңғы кездері жиі айтылып жүрген. Мына кітап сол кемшіліктің орнын сәл де болса толтырғандай.

«Арман» баспасынан шығарылған кітаптың данасы небары бес мың ғана. Бұл республика балаларының сұранысын қанағаттандыра алмайды әрине. Баспаның бас директоры Дидар Алина айтып өткеніндей, бұған қағаз сапасының төмендігі, сырттан сатып алынатын қағаздың қымбаттығы, басқа да себептер қолбайлау болып отырған көрінеді. Сондықтан қайта бұл кітап көп шығарылды дейді. Алдағы уақытта шығарылатын кітаптар бағасы 15 процентке қымбаттайтынын айтады.

Соңғы екі жылда саны аз болса да сапалы кітаптар шығарыла бастады дейді Білім және ғылым министрлігі департапментінің бастығы Жұмажан Жүкенов.

Өз кезегінде осы кітап авторларының бірі ақын Оразақын Асқар бұл балаларды тек оқуға ғана емес, ойлануға, ой-өрісін дамытуға жетелейді дейді.

Алпыс жылға жуық ұстаздық кәсібін шыңдаған, осы салада Қазақстандағы тұңғыш Еңбек ері атанған қарт ұстаз Рафиқа Нұртазина қарап жатпай, осы кітапты шығарғаны жұртшылық тарапынан қолдау табуда.

Баспагерлерге қойылған сұрақтар қатарында оқулықтар ішінде Абайды кришнаид деп жазылған жайға орай нендей шара қолданылды деген мәселе көтерілді.

Жалпы алғанда, Қазақстанда оқулықтар мен балаларға арналған кітаптар сапасы артып, саны көбейеді деген сенім ұлғайғандығы сөз болды.
XS
SM
MD
LG