Accessibility links

GSM Қазақстан ұялы байланыс жүйесі бір миллион тұтынушыға қол жеткізді


Қазақстанда бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «GSM Қазақстан» компаниясы республиканың 100-ден аса елді мекені мен қалаларын қамтыған. Миллиондық абонентін тіркеу арқылы Қазақстанда мобильдік байланыс орнатуда үлкен қадам жасалғанын хабарлады дүйсенбі күні осы компания басшылары.

- Біздің компанияның тұтынушылары бір миллионға көбейгені біздер үшін қуанышты. Мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін қыруар жұмыс істелді. К-сеll және Аctiv ұялы байланыс жүйесін тұтынушылар өздері таңдауда. Өйткені, біздегі байланыс сапасы жоғары әрі үлкен аймақты қамтиды. Қызмет көрсету деңгейі жоғары, оның салалары ауқымды, - дейді компания менеджері Майя Мириджанашвили.

GSM Қазақстан компаниясы елдегі осы ұялы байланыс саласының ең ірісі. Өткен жылы мұндағы қызмет түрлері ұлғайып, мобильдік интернет және мультимедиялық хабарлар тарату ауқымы кеңейген. Биылғы жылы осы компанияның алға қойып отырған іс-шаралары қомақты.

Компания басшыларының айтуынша, олар абоненттік база бойынша да, әрі маңызды қаржылық көрсеткіштер жөнінен де бәсекелестерінен озып шыққан. 2003 жылы компанияға «Қазақстандағы телекоммуникация саласындағы озық инвестор» атағы берілді.

- Сала жұмысы дами түсуде. Қазіргі таңда алты коммутатор орнатылған. Ол 600 базалық станциясы бар 1,5 миллион нөмірге қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. 2004 жыл барысында бұрынғыға қарағанда базалық станцияларды екі есеге көбейту көзделіп отыр, - дейді әкімшіліктің бас директоры Болатхан Шәкіров.

Жалпы, Қазақстанда ұялы байланыс жүйесі дами түсуде. Осыған орай жаңа технологияны меңгеруде GSM компаниясы алда келеді.

Алайда өткен жылы осы компанияның қызмет көрсету жүйесінде үзіліс орнап, тұтынушылар тарапынан наразылықтар болғаны бар. Компания басшыларының айтуынша бұл қалыпты жағдай көрінеді. Кей кездері жабдықтарды жаңалап, жаңғыртып отыру қажет. Сонда бірер сағатқа үзіліс жасауға тура келеді, дегенді айтады. Сондай-ақ, мұндағы қызмет көрсету бағасы өзгелерге қарағанда арзандау екені сөз болды. Алайда әзірге мұнда төлемақыны арзандату шарасы күн тәртібіне қойылып отырған жоқ.
XS
SM
MD
LG