Accessibility links

2015 жылға дейінгі білімді дамытудың тұжырымдама жобасына Қазақстан қоғамының 70 пайызы қолдау білдіріп, 30 пайызы қарсы


2015 жылға дейінгі білімді дамытудың тұжырымдама жобасына Қазақстан қоғамының 70 пайызы қолдау білдіріп, 30 пайызы қарсы. Бүгінгі күнге дейін жобаға білім ұйымдарынан бір жарым мыңнан аса сын-ескертпелер мен ұсыныстар түскен. Бұл туралы ақпанның 11-і күні Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев осы министрлікте өткен алқа мәжілісінде мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жобан талқылау кезінде бала-бақшаларға мемлекетттік мекеме мәртебесін беру туралы тілек айтылған. Бірақ, министр мұны жасаудың мүмкін еместігін айтады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы мектепке дейінгі оқу-тәрбие ісін ұйымдастыруға бөлінеді.

- Бұл шығын жылына 10 пайызға ұлғайып отырады. Ол мемлекеттік қолдауды аса қажет ететін қоғам мүшелеріне көрсетіледі.Ал, мектепке дейінгі жастағы барлық баланың оқу-тәрбие ісін ұйымдастыру үшін 300 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсауды керек етеді, - деді министр.

Тұжырымдама жобасында колледждердің мәртебесін көтеру қаралған.Министрдің айтуынша, елде бар 415 колледждің 230-ы жекеменшікте.

Бұл орайда министр алғашқы кәсіби білім беруді ұйымдастыру жүйесінің кіші деңгейдегі, ал, колледждер орта шептегі мамандарды дайындау қажет деп есептейді.

Ал, Республикалық кәсіби білім беру қауымдастығы ассоциясының басшысы Жантілеу Әзизихановтың айтуынша, елдегі жеке және мемлекеттік колледждердің сан және сапа жағынан да деңгейлері төмен.

Ол колледждердің өз күнін өзі көріп жатқанын айтты.

Мәжіліске қатысқан премьер-министрдің бірінші орынбасары Грегорий Марченко, Қазақстан үкіметінің аталған құжатқа қолдау жасайтындығын айтты. Алайда, оның ұқыпты жүргізілуі керектігіне көңіл бөлуді сұрады.
XS
SM
MD
LG