Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03-10-2004


Қазақстандық басылымдарда жақында Өскемен қаласының маңында болған гексан жарылысының жай-жапсары баяндалумен қатар Қазақстандағы саяси партиялар айналасындағы кезекті дау-дамай сөз болады

«Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы бетінде жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент депутаты Ғани Қалиевтің «депутаттардың бірлескен жиынында қазақ тілінің мәртебесіне қарсы дауыс берегенін» «Жас қазақ» газетінен оқып «қатты қорланып», «Ауыл» партиясынан шығуға бел буғанын «жариялайтындығын» жазады. Ол өзінің «нөмірі 4-ші белетін Алматы қаласындағы партияның бастығы, жазушы Дулат Исабековке табыс ететіндігін» айтыпты.

Ал қазақ газеттерінің сапына жаңадан қосылған «Айқын» газетінің алғашқы санында парламент депутаты, философ Амангелді Айталы болса, Қазақстанда «ұлт мүддесін қорғайтын бірде-бір партия» жоқ екендігін, «қағаз жүзінде үш жүз мыңнан астам мүшесі деген партияның болашағына сенбейтіндігін» айтыпты. Оның пікірінше, «саяси партиялардың беделін депутаттардың өздері түсіріп жүр. Мәселен, «кешегі айқайшыл демократ бүгін қып-қызыл коммунист бола қалды. Ал қып-қызыл коммунист табан астында «Асарға» өтті. Бұл жанталастың астарында тек депуаттық мәртебеге жету ғана тұр», - дейді депутат Амангелді Айталы.

Ал «Сөз» газеті Коммунистік партия қатарынан оның бірқатар мүшелерінің кетіп, жаңа партия құруын «Қазақгейт» ісімен байланыстырады. «Әбділдин мен Тоқтасынов саяси тұтқын болып саналатын Ғалымжан Жақияновқа президент рақымшылық жасамайтынына көздері жеткен соң, осы екі депутат Парламентте Назарбаевтар отбасының ең жанды жері «Қазақгейт» шатағын көтере бастайды. Ал Қазақстандағы ең жоғарғы билік бұл тақырыпты қозғаған адамдарды аямайды», - дейді газет тілшісі Мақсат Мұратов.

Сондай-ақ осы газетте сейсенбі күні билік тарапынан қудалауға ұшырап, елден кетуге мәжбүр болған оппозициялық бағыттағы «Ассанди таймс» газетінің жетекшісі Ирина Петрушова «екі жыл бойы оның ізіне түскен Қазақстан қаржы полициясының сұратуымен Ресейде қамауға алынғаны» жазылады. Алайда, «Ресей азаматшасын тұтқындауға қажетті негіз табылмағандықтан», Ресей құқық қорғау орындары оны босатып жібереді», – дейді «Сөз» газеті. Ал Байқоңыр гарнизондық әскери соты былтыр 13 Қазақстан азаматын Ресей заңымен соттағанын жазады «Аргументы и факты Казахстан» басылымы. Сондықтан, «қазір Ресейдің Байқоңыр ғарышжайын 2050 жылға дейін жалға алуына сәйкес екі жақты келісімге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда» дейді газет тілшісі. Оның хабарлауынша, қазақстандық жақтың Байқоңырда Қазақстанның өкілетті органдарының санын арттыру туралы ұсынысы ресейліктердің үлкен құлшынысын тудыра қоймапты.

Мереке күндері болған келесі бір дүрбелеңді Өскемен қаласының маңындағы бір кәсіпорында төрт тонна гексанның жарылуының, бәлкім, «террорлық акт немесе қылмыстық есеп-айырысу болуы мүмкін екендігін Шығыс Қазақстан облысының ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті әзірге жоққа шығармайтындығын» хабаралайды «Литер» газеті. «Кезінде тура осындай газды терактіден кейін Мәскеуде жарылыс болған үйге тақау жерден тапқан. Мамандар бұл затты өз бетінше еш қауіпсіз деп есептейді. Алайда, оны қопарғыш затпен бірге пайдаланса, үлкен апатқа соқтыруы мүмкін», - дейді «Литер» газетінің тілшісі. Дегенмен, Облыстық ішкі істер басқарамасының бапасөз хатшысы газет тілшісіне, «бұл газдың өсімдік майын жасауға арналғанын, осы мақсатта былтыр Ресейден сатып алынғанын, оған қатысты барлық құжаттарының дұрыс екендігін» айтқан.

Ал «Комсомольская правда Казахстан» басылымы «төтенше жағдайлар қызметкерлерін бұл кәсіпорынның ешқандай лицензиясынсыз, техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамай жұмыс істеуі секем алғызғанын» жазады. «Ресми емес ақпараттарға қарағанда, өсімдік майын шығаратын бұл кәсіпорынның жертөлесінен 18 тонна гексан табылыпты», - дейді «Комсомольская правда Казахстан» басылымы.

«Экспресс К» газетінің тілшісі Андрей Кратенко болса, «жарылысты көргендер жарқыншақтардың неге екені белгісіз бір бағытта» Ертіске қарай ұшқанын аңғарғандарын айтты дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG