Accessibility links

Ресей президентін сайлау үшін Қазақстанның 7 ірі қаласында ашылған сайлау учаскелері елдегі дауыс беру құқы бар 30 мыңнан астам сайлаушыларды күтіп алуға дайын.


Қазақстан территориясын толық қамту мүмкін емес,-дейді Астаналық сайлау учаскесінің төрағасы Валерий Швец. Сондықтан, шалғай ауылдарда тұрып жатқан Ресей азаматтарына мекеніне ең жақын орналасқан сайлау учаскелеріне бару ұсынылып отыр. Қазір Қазақстандағы сайлау учаскелерінің барлығы президент сайлауына дайын. Әйтседе, сайлау комиссияларының мүшелері Қазақстандағы Ресей елшілігінің мүмкіншіліктерінің шектеулі екендігін мойындап отыр. Астаналық сайлау учаскесінің төрағасы Валерий Швец те бұл пікірге қосылып отыр.

Астанадағы сайлау комиссияларының өкілдерінің айтуынша, Ресей азаматтары президент сайлауының қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Бұған дейін өткен, Ресей думасындағы орындардан үміткерлерді сайлағанда елшілікке телефон шалатын адамдар әлдеқайда аз болған,-дейді Ресей елшілігінің өкілдері. Ол кезде Қазақстанда тек 6 мың адам сайлауға қатысқан. Ал биылғы президент сайлауына Қазақстанда тұрып жатқан, дауыс беру құқы бар, 30 мыңға жуық Ресей азаматтарының 60 пайызы қатысады,-деген жорамал жасалған. Сайлаушылардың үміткерлер жайындағы пікірі әрқилы. Мысалы, 45 жастағы Марк Захаров Ресейдің қазіргі президентіне дауыс бермекші.

Қазақстанда тұратын, биылғы сайлауда дауыс беретін ресейліктердің арасында қазақ ұлтының өкілдері де бар. Бірнеше жыл бұрын Ресей азаматтығын алған Орал Асановтың ойынша, Путиннің жеңіске жететіні екі талай. Путин өз рейтингін жоғалтты. Ол Иракпен Американы соғыстырып қойдығой. Ол президент бола алмайды менің ойымша.

Сайлауға барсам да, бармасам да ауыз толтырып айтатындай ештеңе өзгермейді дейтіндер де жоқ емес. Ресейлік тағы бір азамат Бейсен Қасенов болса, сайлауға қатысып өз дауысын беруге мүлде қарсы.

Бұрын осында тұрғам сосын Ресей жаққа кеттім. 8 жылда сонда тұрдым. Менің әйелім орыс, сосын сол жаққа тартып әкетті.Сайласауға қатысуды қаламаймын шынымды айтқанда. Ешкімді де қаламаймын. Басқа президент болса да, ол бәрін дереу істей алмайдығой.

Биыл сайлау құпиясын сақтауға және бұқаралық ақпарат құралдарымен бақылаушыларға жағдай жасауға көп көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, тұрғындарды хабардар ету жұмыстарына қатаң талаптар қойылған. Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы бұл мақсаттарға деп қазақстандық сайлау учаскелеріне қосымша қаражат бөліпті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Вишняков хабарлағандай, жалпы, аймақтарға ақпараттандыру және учаскелерде мерекелік жағдай жасау үшін, Ресей бюджетінен 2 жарым млрд. рубль бөлінген. Бұған дейінгі сайлаулардан кейін Қазақстанда тұрып жатқан Ресей азаматтарының кейбірі сайлаудың әділетті өтетіндігіне күмәнді екенін жасырмады. Солардың бірі Вероника Малининаның ойынша Ресейде сайлау кезінде жалған ақпарат тарату жайттары кездесіп тұрады. 15 наурыздан 16-сына қараған түні Ресей президенті сайлауының алғашқы нәтижелері белгілі болады. Дауыстардың есебін интернет арқылы да байқап отыруға мүмкіншілік жасалған. Онда барлық 95 мың сайлау комиссиясының мәліметтері жарияланады. Электронды дауыс беру жүйесі негізінен, Ресей территориясында жұмыс істейді. Қазақстанда электронды жабдықтар тек сайлау нәтижелерін орталық сйлау комиссиясына жеткізу үшін қолданылатын болады.
XS
SM
MD
LG