Accessibility links

Испания сыртқы саясатындағы өзгерістерді Вашингтон сабырмен бағамдай тұруды жөн санап отыр.


Бұдан бұрынғы өкімет басшысы Хосе Мари Азнардың басшылығымен Испан елі АҚШ-тың Ирақтағы соғысын да, елбасы Джордж Бушты да қызу қуаттаған тұлғалардың бірі болған еді. Алайда, өткен айда Мадридте болған бомбалық жарылыстар салдарынан 200 адамның қаза болып, сондай-ақ елде жаңа өкіметтің сайлануынан бергі санаулы күн ішінде мұнда талай өзгерістер орын алуда.

Консервативтік бағыттағы өкімет басшысы Хосе Мари Азнар Буш әкімшілігінің сыртқы саясатын, оның Ирақтағы соғысын қызу қуаттаушы боп келгені белгілі. Бұл жөнінде АҚШ-тың саяси сарапшысы Симон Серфати мырзаның айтуынша: “Британия өкімет басшысы Тони Блейрді айтпағанда, АҚШ-тың сыртқы саясатын соншалықты қызу қолдаған Испания өкімет басшысы Азнардай ешкім болған емес” екен. Мұнда санаулы ғана күндер ішінде күрт бетбұрыстар орын алып жатыр. Мадридтегі жарылыстардан кейін бірер күн өтісімен болған, сенбідегі сайлаулар кезінде Азнар партиясы жеңілсіке ұшырады. Зерттеулерге қарағанда, бұл жарылыстарды исламшыл күштер Испанияның Ирақ соғысына қолдау көрсеткені үшін ұйымдастырған болуы мүмкін, деген жорамал бар. Сондай-ақ жергілкті Баск жікшілдерінің әрекеттері де болуы мүмкін деген күдік жоқ емес. Демек, қазіргі өкімет басшысы Хосе Луйз Родригес Запатеро халықтың Ирақ соғысына қарсы көңіл-күйі арқасында билікке келген сияқты-, дейді Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Жефри Донован. Сондай-ақ өткен аптадағы жарылыстар Уашингтонның Ирақтағы соғысын Испанияның қолдауы себепті орын алған болуы мүмкін, деп қарапайым халықтың сенуі де осы жаңа өкімет басшысының жеңісіне алып келгендей-,дейді тілшіміз. Запатеро мырза болса бірден-ақ Испанияның америкашыл сыртқы саясат бағытын өзгертетіндігін жариялап та үлгерген болатын. Ол тіпті Буш пен Блейр мырзалар Ирақтың жаппай қырып-жоятын қарулары жөнінде өтірік айтты, деп айтып салды. “Ирақтағы соғыстың қасірет әкелетіндгін мен бірнеше рет айтқан болатынмын. Сондай-ақ басқыншылықтың да дами түсетін қайғы екендігін ескерткенмін. Бұл қадамдар күш қолдану мен жек көру сезімінен басқа ешнәрсе де әкелмейді. Сондықтан бұл жағдай біз үшін сабақ болуы тиіс”-, деді Запатеро мырза. Ол өз сыртқы саясатын Ирақ соғысына қарсы боп келген Франция және Германиямен әріптестікке қарай бұрмақшы. Ол қазіргі кезде Ирақта тұрған испаниялық бір мың 300-дей әскерді алып кетемін деп қорқытып отыр. Кеше осыған орай АҚШ ресми өкілдері Уашингтонда жағдайды қалай реттеуді біраз ойласқан болатын. Ақ үй өкілдерінің айтуынша, Буш мырза Запатероға телефон шалып, оны сайлануымен құттықтап, алдағы уақытта жаңа өкіметпен бірлікте жұмыс істейтіндігіне сенім білдірген екен. Мемлекеттік департамент өкілі Адам Ерелидің айтуынша, Запатеро мырза террорлық әрекеттерге қарсы күрестің маңыздылығын баса айтып, кейбір мәселелерде Уашингтонмен әріптес болатындығын мәлімдеген. Ерели мырзаның пікірінше, Испания Ирақтағы өз әскерін алып шығатын болса, онда тіпті Қауіпсіздік кеңесінің жаңа қарарына өзгерістер енгізу сияқты қадамдарға дейін бару керек болар. Тағы бір саясаткерлердің пікірінше, Запатеро мырзаның Франция және Германиямен одақтастыққа ұмтылуы АҚШ-тың саясатын әлсіретіп, сондай-ақ Вашингтонды қолдап отырған Европадағы елдерді тұйықтап тастайтын сыңайлы. Европадағы осындай халықтық толқулар жалғаса беретін болса, онда ол ерте ме, кеш пе жергілікті сайлауларға тікелей әсер ететін болады, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG