Accessibility links

“Мегаполис”, “Айқын”, “Сөз”, “Комсомольская правда “Казахстан”, “Жас алаш”, “Түркістан”.


25 наурыз күнгі жарық көрген газеттер мен апталық басылымдарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және билік басындағы соңғы өзгерістерге әр түрлі баға берген, сондай-ақ Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттіктің Астанаға көшіп барғандығы туралы мақалалар жарық көріпті.

19 наурыз күні президент Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі жолдауын жасағаннан кейін, мемлекет басшысының жұмысына баға беру мерзімді басылымдардың негізгі тақырыбына айналды. “Мегаполис” апталығының бейсенбілік санында жарық көрген “2030 іске қосылды” атты мақалада осыдан алты жыл бұрын “Қазақстан 2030” атты бағдарламаның дүниеге келгендігі және бүгінгі таңда оның нақты жүзеге аса бастағандығы туралы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан азғантай мерзімнің ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген. “Айқын” газетінің 25 наурыз күнгі санында жарық көрген мақаласында жазушы Сайын Мұратбеков Президент Қазақстан халқына жолдауында айтылған мәселелердің бәрінің де орындалып келе жатқандығын сөз қылыпты. Сайын Мұратбеков қазіргі кезде ауылдың проблемасының да біртіндеп шешіліп келе жатқандығына тоқталып өтіпті. Ал, “Сөз” газеті өзінің соңғы санында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы уақытта жауапқа тартылуы мүмкін екендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, мамыр айында Америка Құрама Штатында “Қазақгейт” ісіне байланысты сот процесі басталмақшы. Газет тілшісінің хабарлауынша, “Қазақгейт” ісі бойынша жауапқа тартылатын “КО-1” және “КО-2” деген адамдардың аттары белгілі болып отыр. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, олардың бірі экс-премьер Нұрлан Балғымбаев, ал екіншісі тәуелсіз Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар мақала авторы Америка Құрама Штатының әділет министрлігінде президенттің қызы Дариға Назарбаева мен оның күйеу баласы Тимур Құлыбаев та пара алған деген деректердің бар екендігін мысалға келтіреді. Батыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген деректерді мысалға келтірген мақала авторы, “Қарашығанақ” кен орны үшін “Шеврон” компаниясының 17 миллион доллар пара бергендігін айта келіп, ол қаржыны Джеймс Гиффен, Нұрсұлтан Назарбаев және Нұрлан Балғымбаевтың өзара бөлісіп алғандығын баяндапты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев түрмеге қамалмағанымен, келешекте Америка Құрама Штатына бара алмай қалуы ықтимал. Өйткені 2004 жылдың 12 қаңтарында Америка Құрама Штатында коррупциялық істермен байланысы бар басшыларды кіргізбеу туралы заң қабылданыпты. Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов “Сөз” газетіне берген сұхбатында 2006 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтадан президент болып сайлана алмайтындығына сенімді екендігін білдіріпті. Сондай-ақ Заманбек Нұрқаділов екі жылдан бері Президентке Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттік жұмысын жаңарту қажеттілігі туралы ұсыныс жасағанымен, тек ол қызметтен кейін ғана мемлекет басшысының бұл істі қолға алғандығын тілге тиек етіпті. “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Дмитрий Шишкиннің мақаласында Қазақстан Республикасы Төтенше Жағдайлар жөніндегі Агенттіктің Астанаға көшіп барғандығы және осы мекеменің 26 қызметкерінің жаңа пәтерге орналасқандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, Заманбек Нұрқаділов 275 миллион теңге қаражат бөлінсе де, Астанаға көшуді бір жарым жыл бойы созып келген. Сонымен қатар соңғы болған әкімдердің өзгертілуі де бейсенбі күнгі жарық көрген газеттердің назарынан тыс қалмапты. Бұл тақырыпқа баса назар аударған “Жас алаш” газетінде Айдос Сарымның “Президент көзірлерінің орнын алмастырды” деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақала авторының айтуынша, әкім болып тағайындалған төрт азамат та талай сыннан өткен Президенттің ең сенімді адамдары. Осы тақырыпты жалғастырған “Түрікстан” газетінің тілшісі Гүлбиғаш Омарова Президент үш лауазым иелерінің орнын ауыстырып, “рокировка” жасады деп есептейді. Газет тілшісінің пайымдауынша, осы жолғы ауыс-түйісте халықтың көңіл көзінен тыс қалмайтын мән жатуы мүмкін. Мақала авторының айтуынша, қазіргі таңда биліктің кейбір функцияларын орталықтан жергілікті жерлерге беру саясаты жатыр. Осыған орай Гүлбиғаш Омарова алдағы уақытта жергілікті аймақ басшыларының беделі мен ықпалы арта түседі деп есептейді. Сондықтан да мақала авторы Президенттің жаңа облыс басшыларын өзі ертіп таныстырып жүргні тегін емес деген болжам жасайды. Газет тілшісінің хабарлауынша, тағайындау кезінде Президент “бұл адамдар көзірлі карталар болып табылады” деп айтып салыпты.
XS
SM
MD
LG