Accessibility links

Қазақстанда қуаң аймақтарды шөп егу арқылы жандандыру жобасы басталды.


Қазақстанда тың игеру кезінде 25 млн. гектар жер жыртылғандықтан көп жердің құнарлығы төмендеп кеткен. Соңғы жылдары дәнді дақылдарды егуді табиғи жағдайлары астық өндіруге қолайлы Солтүстік облыстарға шоғырландыруға байланысты босаған жердің біразы пайдаланылмай қалған. Қазақстан Үкіметі мен Бүкіләлемдік банк бірігіп жүзеге асыратын жобада осындай топырақ құнарлығы төмен, шөлейт жерлерді қайта қалпына келтірудің алғашқы қадамдары ескерілген.

Қарағанды облысындағы Шет ауданы территориясының бір жарым млн. гектары осы шарттарға сәйкес келеді екен. “Шет деген сөздің өзі көп жағдайды сипаттайды емес пе?”-дейді Қуаң жерлерді басқару жобасының жетекшісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтияр Садық. Құнарлығы аз жерлер егілместен бос қалды. Оны олай қалдыруға болмайды. Оның шөлге айналып кету процессі күшейіп кетуі мүмкін. Осындай жерді шөп егу арқылы жақсартып қайта қалпына келтіріп, бұрыңғы астық егіп келген фермерлерді мал шаруашылығына көшіру көзделген. Қарағанды облысындағы Шет ауданы халықаралық сарапшылардың шешімімен таңдалған болатын. Ауыл шаруашылығы мамандарының пікірінше, бұл ауданда негізінен мал шаруашылығы қалыптасқан. Кеңес одағы кезінде өнімділігі төмен болса да, гектарынан 5-6 центнерден аспаса да бидай егіліп келген. Енді жоба талаптарына сай, алғашқы кезде, 50 мың гектар жерде мал азығы дайындалатын шабындықтар жасалады. Бұған дейін, жобаны бекіту барысында парламентте талқыланғанда шөлейт жерлерді құнарландыруға мамандығы агроном бір депутат қана қарсы болған. Сенатор Тасбай Симамбаевтің пікірінше, мұнша қаржыны болашағы жоқ жерге салған дұрыс емес. Ол жерде су жоқ. Ертең ол жерге сепкенменен қайта кеуіп қалады. Млн.- даған ақша далада қалады. Ол аптасына бір рет су құйып отырмаса ол өспейді. Сосын қазір малда көп емес. Ол ақшаны оданда орман санын көбейтуге жұмсасын. Әлемдік банктің ауыл шаруашылығы саласындағы бас маманы Джитендра Сриваставаның айтуына қарағанда, Қарағанды облысында 40-қа жуық шағын энергетикалық қондырғылар іске қосылады. Оның сыртында, мал суаратын арнайы құдықтар және жергілікті тұрғындардан сүт қабылдайтын бірнеше орталықтар салынады.

Жоба талаптарына сай, іріктелген диқандарға жанар-жағар май мен шөп тұқымдары гранд есебінен тегін беріледі. Қарағанды облысы Шет ауданынындағы диқандардың бірі, әрі өсімдік шаруашылығының маманы Рысқали Сәдуақасовтың пікірінше, шаруа қожалықтарының иелері бұндай көмекті қуана қарсы алады. Менің ойымша, фермерлер бұл көмекке қуану керек.

Жобаға әлемдік банк 5 млн. Қазақстан үкіметі 4 млн. АҚШ долларын салып отыр. Экономистердің пайымдауынша, шөп тоннасының бағасын 15 доллар деп есептегенде бұл шығын алғашқы 2-3 жылдың ішінде толық өтеледі. Күн жылыған соң аталған ауданда көп жылдық шөп егу басталуға тиіс.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG