Бұған дейін, Балтық аумағында, Қазақстандық астық экспорты дәстүр бойынша, Эстонияның «Мууга» порты арқылы жүргізіліп келген. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан жағрапиялық жағдайын тиімді пайдалану үшін, Латвия арқылы астықты әрмен қарай Қиыр Шығысқа, Солтүстік-Батыс Еуропаға және Скандинавия елдеріне тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл кесте, негізінен, темір жол және теңіз порттарын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда жүк жинау үшін, порттағы терминалдар өте қажет ал, Қазақстан Азия қақпасын Балтық арқылы ашып, Еуропаға астық тасымалдауды мақсат етіп отыр,-дейді мамандар. Қазақстан парламентінің аграрлы мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Михаил Трошихиннің пікірінше, Қазақстанның экспортқа шығаратын сапалы астығы мол, ал Еуропа нарықтарына шығу оңай шаруа емес.
Қазақстан мен Латвияның біріккен кәсіпорыны Латвияның «Вентспилс» қаласында 2002-інші жылы келіссөздері басталған астық терминалының құрылысын бастады. Терминал қазақстандық астықтың әлемдік нарықтағы бәсекелестігін арттыруға, және стратегиялық азық-түліктің экспортын ұлғайтуға себін тигізуге тиіс,-дейді Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілдері. Астық кешеніне орта есеппен 26 млн. доллар инвестиция құю жоспарланған. Терминалдың қуаты жыл сайын 2 жарым млн. тонна астық өткізуге ескеріліп отыр. Жоспар бойынша құрылыс алдағы жылы ақпан айында аяқталуға тиіс. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз кеңесшісі Ісламбек Арыстанбековтың мәліметіне сүйенсек, жобаға тек жеке меншік компаниялардың қаржысы тартылған.
Осы жобаны іске асыру үшін, екі тарап бірігіп акционерлік қоғам құрып отыр. Осы жобаны қаржыландыруға акционерлердің және сырттан кредиттер тартылады. Әрине несиелерге қосылғандардың қаражаты өздеріне табыспен бірге қайтып оралады. Мемлекет тарапынан ешқандай шығын шығып жатқан жоқ.
Бұл терминалға астықты сақтау және тасымалдау саласында қолданылатын соңғы технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Ал негізгі жабдықтарын американдық компания дайындайды. 7 гектар жерді алып жататын терминалда жүк түсіру жабдықтары, астық қабылдау элеваторы және бидайды кемелерге тиейтін жабдықтар мен көлік желісі орнатылады. Латвиядағы жоба келісімін жүзеге асыруға қатысқан Қазақстанның ауыл шаруышылық министрлігі, астық одағы және азық-түлік корпорациясының басшылары бір-біріне сілтеп, терминал туралы ақпарат бермеді.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан астық экспорты көлемі бойынша, әлемдегі бірінші ондыққа кіріп отыр. Қазір, республика 40-қа жуық елге бидайын сатып келеді. Оның ішінде соңғы жылдары, Еуропалық Одақ және Азия елдеріне, Түркия мен Сауд Арабия елдеріне тасымалданатын астық көрсеткіштері ұлғайған. Қазақстандық астық импортына ықыласын аударған елдердің тізімінде Тунис, Судан, Марокко сияқты жаңа мемлекеттер пайда болды.