Accessibility links

Қазақстанда биылғы жылы 54 миллион тонна мұнай өндіру жоспарланған


Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі бекіткен жылдық кесте бойынша Қазақстанда биылғы жылы 54 миллион тонна мұнай өндіру жоспарланған. Оның 9 миллион тоннасы қайта өңдеу үшін ішкі рынокқа жеткізілмек. Бұл туралы көкектің 5-і күні Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьник парламентте өткен үкімет сағатында мәлімдеді.

Министр Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың жай-күйі мен келешегі жайында хабарлама жасады. Школьник алдымен көктемгі егіс науқанына жасалған шаралармен таныстырды. Үкімет наурыздың бірінен маусымның біріне дейін республикадан сыртқа жанар-жағар май өнімдерін шығаруға тиым салған қаулы қабылдапты. Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, көктемгі егіс науқанына 330 мың тонна жанар-жағар май қажет екен. Владимир Школьниктің айтуынша, науқан кезінде айына 800 мың тонна мұнай өңделетін болады. «Ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің ай сайынғы қажеттілігі 120 мың тонна, алайда жанар-жағар май өндірісі 220-235 мың тоннаға дейін жететін болады»,- дейді министр. Арзандатылған жанар-жағар майды ауылшаруашылық тауар өндірушілерге жеткізетін 54 оператор анықталыпты. Ал, 5-ші көкекке дейін жанар-жағар маймен қамтамасыз ету 42,1 пайызға жетіпті. Министр жер қойнауын игеру саласындағы жұмыстарға да тоқталды. Биылғы жылдың бірінші қаңтарына дейін осы бағытта жұмыс істейтін нысандардың жалпы саны 1028 болған. Өткен жылы жер қойнауы нысандары бойынша шетелдік инвестицияның көлемі 5 миллиард долларға жетіпті. «Өткен жылы Қазақстанда 51,4 миллион тонна мұнай өндірілсе, ондағы мемлекеттің үлесі 11 миллион тонна. Қалған мұнай инвесторлардың үлесі екені түсінікті»,- дейді Владимир Школьник. Ал, Балқаш қаласының жанынан атом электр стансасын салу туралы депутат сұрағына министр Школьник өзінің бұл мәселені теріс қарамайтынын білдірді. Министр қоғам бұған дайын болад деп үміттенеді және көпшілік тыңдауында талқылау қажет деген пікірде. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің электр энергетикасы департаментінің директоры Несіпқұл Бертісбаев, Балқаш көлінде электр станасы салу қажет деп есептейді. «Бұрын көмірді пайдаланып, электр стансасын саламыз ба деп ойлағанбыз. Инженерлік коммуникациялардың барлығы салынған. Бірақ КСРО бөлініп кеткенінен кейін тоқтаған. Сол инженерлік коммуникацияларды пайдалана отырып, атом электр стансасын саламыз ба деген ой бар. Менің ойымша, әлі бір оншақты жылға дейін басталмайтын шығар», дейді ол. Жоғарыда аталған Үкімет сағаты екі сағаттан аса уақытқа созылды. Бірақ депутаттар сұрақтарына мардымды жауап ала алмағандарын айтады. Солардың бірі депутат Амангелді Айталы, «шикізаттың мемлекетіміздің стратегиясына қаншалықты қызмет етіп жатқанына министр ойдағыдай жауап бере алмады» дейді. Депутат Серікбай Әлібаев Қазақстандағы шетелдік инвесторлар басқа нормалармен жұмыс істеп отыр деп есептейді. «Біздің елді қанап-тонауға жағдай туғызып отырмыз. Олардың ісін білуіміз керек. Оны білмей отырмыз, бізге ашпай отыр» дейді ол. Депутат Серік Әбдірахмановтың айтуынша, кен орындарын игерушілердің көбі шетелдік компаниялар, алайда ол «интернешл» дегендердің артында мүмкін шетелдік еместер тұрған шығар дейді. Қалай дегенмен депутаттардың көпшілігі мұнай-газ, электр энергетикасы саласындағы мәселелердің әлі де құпиясы толық ашыла құйған жоқ деген пікірде.
XS
SM
MD
LG