Сейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар билік басындағы соңғы өзгертулерге және сайлау тақырыбына баса назар аударыпты.
“Егемен Қазақстан” басылымының сейсенбілік санында Ерболат Асқарбекұлы Досаевтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі және Икрам Адырбековтың Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалғаны туралы Қазақстан Республикасы президентінің жарлығы жарық көріпті.
Билік басындағы осы өзгертулерге байланысты “Айқын” басылымының бірінші бетінде “Медик –министрдің орнына менеджер министр келді” деген мақала жарық көріпті. Мақала авторы биылғы жылы денсаулық сақтау саласына мол қаржы бөлінетіндіктен, мемлекет басшысы экономикадан хабары мол Досаевты Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындады деп есептейді. Газет тілшісінің пайымдауынша, осы саланың бұрынғы министрі Жақсылық Досқалиевтің қызметтен босауы оның жұмысының сапасының нашарлығынан емес. Сондай-ақ газет тілшісі Қызылорда облысының жаңа әкімі Икрам Адырбековтың да өз жұмысын дөңгелетіп әкете алатындығына сенімді екендігін білдіріпті.
“Экспресс К” газеті өзінің соңғы саныннда Денсаулық сақтау саласының бұрынғы министрі Жақсылық Досқалиевтің отставкаға кететіндігі туралы әңгімелердің ұзақ уақыттан бері айтылып келе жатқандығына тоқталып өтіпті. Мақала авторының айтуынша, Жақсылық Досқалиев министр қызметін атқарып тұрған кезеңде Денсаулық сақтау саласындағы хал-ахуал аса жақсара қоймаған. Жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігіне бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі ұлғайғанымен, тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсету жағы көңіл көншітерліктей болмаған. Дәрігерлердің пара алуы жаппай белең алған.
“Жас алаш” басылымының ақпараттар ағымында қаржы саласын басқарған Ерболат Досаевтың Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығына барғаны көпшілік күтпеген өзгеріс ретінде бағаланыпты. Мақала авторының айтуынша, жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың қазынаның қалтасын қаққаны туралы газет осыдан бұрын бірнеше рет материал жариялапты.
“Известия Казахстан” басылымындағы ақпараттар ағымында премьер-министрі Даниял Ахметовтың Денсаулық сақтау саласының жаңадайын тағайындалған министрі Ерболат Досаевты “мемлекеттегі ең мықты экономистердің бірі” ретінде атап өткендігі баяндалыпты. Сондай-ақ үкімет басшысы Ерболат Досаевтың жаңа қызметте өнімді еңбек ететіндігіне сенімді екендігін білдіріпті.
Сонымен қатар Парламент сайлауы жақындаған сайын сайлау туралы заңды талқылау да мерзімді басылымдардың бетінде үзбей жалғасын тауып келеді. “Жас алаш” газетінде жарық көрген мақаласында Талғат Ешенұлы шет елдік құрылымдардың да осы құжатқа әдеттен тыс назау аударып отырғандығын жазыпты. Сайлау туралы Заңды талқылауға тікелей араласқанын айтқан мәжіліс депутаты Ғалым Байназаровтың пікірінше, бұл заңда әкімшілік жүйені сайлау процестерінен алшақ ұстауға қатысты біршама баптар енгізілген. Ғалым Байназаров сайлау заңдылықтарын бұзған адам қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептейді.
Осы тақырыпты жалғастырған “Литер” басылымы биліктің де алдағы сайлаудың әділ өтуіне мүдделі болып отырғандығын атап өтіпті. Міне сондықтан да мемлекет басшысы облыс әкімдеріне, президент әкімшілігіне сайлау әділ өтуі үшін бүкіл мүмкіндіктерді жасауға қатысты нақты тапсырмалар берген. Мақала авторы егер осы жолғы сайлау өткен жылдардағыдай заң бұзушылық негізінде өтсе, бұл ахуал елдің ішінде де, сондай-ақ шет елде де үлкен наразылықтар туғызады деп есептейді. Газет тілшісінің пайымдауынша, осы жылғы күзде билікке үлкен сынықтан өтуге тура келеді.
Мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмаған тақырыптардың бірі ретінде Қазақстандағы Ресей жылының аясында Алматыда Санкт-Петербург қаласының мәдени күндерінің өтіп жатқандығын айтуға болады. “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Алматыдағы Республика сарайында Ресейдің Сергей Захаров, Игорь Корнельюк, Сергей Рогожин секілді әртістерінің өнер көрсеткендігі хабарланыпты.
“Егемен Қазақстан” газеті 4 мен 7 көкек аралығында өтетін Санкт-Петербургтың Алматыдағы күндері Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы опера және балет театрында гала-концертпен ашылғандығын баяндапты. Мақала авторының айтуынша, алматылықтар алдағы уақытта Ресейдің өнер саласындағы ең жоғарғы марапаттары мен тәуелсіз жүлделеріне ие болған, Борис Эйфман сахналаған “Дон Жуан” мен “Чайковский” шығармаларын тамашалай алады.
“Егемен Қазақстан”, “Айқын”, “Экспресс К”, “Жас алаш”, “Известия Казахстан”, “Литер”, “Комсомольская правда “Казахстан”.
- Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Сейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар билік басындағы соңғы өзгертулерге және сайлау тақырыбына баса назар аударыпты.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
Баспанасыздарға байқалмаған "Тұрғын үй – 91"
-
Тель-Авив пен Тегеран текетіресі
Иранға соғыс, Ливанға гуманитарлық апат төніп тұр. Таяу Шығыста не болып жатыр?