Accessibility links

Қазақстанда Кредиттік бюро жаңа ұйымын құру көзделуде


Қазақстанда Кредиттік бюро жаңа ұйымын құру көзделуде. Ол жөнінде "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюро және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Заң жобасында қаралған.

Бұл туралы көкектің 14-і күні Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасының Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қанат Досмұхаметов мәлім етті.

Досмұхаметовтың айтуынша, аталған бюро несие алушы мен берушіге қатысты қажетті мәліметтерді жинақтап, ақпарат берумен айналысатын болады. Кейбір депутаттар кредиттік бюроның ашылуына қарсылық білдірді.

Қазақстанның Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қанат Досмұхаметовтің айтуынша, кредиттік бюро беретін мәліметтер ақылы болады.

«Мұндай ұйым несие алушы туралы банкке тапсырылатын мәліметтің растығын қамтамасыз етеді және несие беру мерзімін қысқартады»- дейді Қанат Досмұхаметов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Төлебек Қосмамбетов нарықтық қатынастар дамыған сайын мәлімет тапшылығы болады, оны беретіндер несие берушілер мен алушылар. Сондықтанда бәрін бір жерге шоғырландыру үшін аталған бюроны ашу көзделген дейді.

«Кредиттік бюро әлемнің 30 мемлекетінде бар. Ал, тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде Қазақстан мен Ресейде құрылып жатыр» дейді депутат Қосмамбетов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта азаматтар несие алуға қажетті мәліметтерді банкке өздері жинақтап тапсырады. Мұндай ұйым дүниежүзі елдерінде мемлекеттік және жекеменшікте, ал, Қазақстанда мемлекеттік болмақ.

Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеевтің пікірінше, несиелер жекешелендіру кезінде қымқырып-жымқырып қалғандарға ғана беріледі. «Ал, ауыл тұрғыны несие ала алмайды. Қаланың шетінде тұратын адамдар да несие ала алмайды. Себебі ол аудан қолайсыз болып саналады. Кредитік жағдай сонда кім үшін жасалады» дейді депутат Тінекеев.

Депутат Хайрат Шалабаев бюджет қаржысы біркүндік фирмаларға аударылып қолды болып жатқаны туралы баспасөз беттеріндегі ақпараттарға сілтеме жасап, кредиттік бюро осыларды шеше ме деген мәселеге алаңдаушылық білдірді.

Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қанат Досмұхаметов, мұндай мәселенің орын алып отырғанын растады. Бірақ оның кредиттік бюроға қатысы жоқ деген пікірін айтты.

Ал депутат Рауан Шаекиннің пікірінше, құрылатын кредиттік бюро орта және шағын бизнеске залал келтіреді. « Мәселен, жалған мәліметтің салдарынан оған басқа банкке жол жабылуы мүмкін», --дейді.

Несие алу оңай ма? Және оған қанша уақыт кетеді? Жұртшылық өкілдеріне осы сұрақтарды қойған едік.

-Жекеменшік шағын цех аштым. Оған ешкім ақша берген жоқ. Талай арызды апардық, бізге қарамайды.

-Жағдай қалтасы бар адамға жасалған ғой.

- Несиенің өсімі көп болады. Сондықтан мен оған жоламаймын.

- Ауылдағы мұғалімдер қаладан банктерден несие алайын десе бермейді екен. Өйткені, ауыл алыста.

Депутаттардың басым көпшілігі қолдап дауыс берген жоғарыда аталған заң жобасы енді Парламент Сенатында қаралады.
XS
SM
MD
LG