Accessibility links

Ардагерлер туралы заң қабылдана ма?


Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 60 жыл толуы қарсаңында «Ардагерлер туралы» заңның қабылдануын Парламент депутаттары әлденеше рет көтеріп, бұл мәселенің үкімет тарапынан қолдау табуына үмітті екендіктерін айтуда.

Көкектің 20-ы күні «Асар» партиясының парламенттік фракциясы соғыс және әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлерді әлеметтік қорғау мәселесіне атсалысатындықтарын мәлім етті. Фракция жетекшісі, сенат депутаты Рашит Ахметов барлық тараптар келісетіндей бір заң болуы керек, - деп есептейді. «Соғысқа қатысқан ардагерлердің барлығын қамтитын бір жеңілдіктер қарастыру туралы пікір туды. Оны талқылап, қаражатқа қарап заң шығару керек» - дейді.

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Қайни Манабаева, «Ардагерлер туралы» заң жобасында қаралған мәселелер жекелеген заңдарда көрініс тапқан. Әрі жоба заң жобалары жоспарының тізіміне енбеген және Президенттің Жолдауында ол жайында айтылған жоқ дейді.

Манабаеваның айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектері алдағы жылдан бастап арнайы және мемлекеттік жәрдемақыны 25 мың теңге көлемінде алатын болады. Ал Астанада екінші дүниежүзілік соғыстың 1000-нан аса мүгедегі пәтер кезегінде тұр дейді ол.

«Ауған соғысына кезінде Қазақстаннан 22360 адам кетіп, олардың 808 қаза тапты, 20-сы із-түзсіз жоғалды. Алайда, олар тарихта өз орындарын таба алмай жоғалып барады» дейді Ауған соғысы ардагерлерінің республикалық кеңесінің мүшесі Мұрат Қалматаев.

«Ауған соғысынан қайтқанда 484 азамат мүгедек болып оралған. Қазір ауғанстан соғысына қатысқан мүгедектердің саны 3400-ге жетіп отыр. Бүгінгі күні олардан барлық әлеуметтік көмек алынып тасталған» дейді Мұрат Қалматаев.

«Отан» партиясының парламентік фракцциясының жетекшісі Хайролла Ережепов, аталаған заң жобасы төрт жылдың ішінде үш рет ұсынылғанын, осы аралықта ардагерлердің саны азайғанын айтады. Ал, Сенат депутаты Уәлихан Қайсаров, заң жобасына қаржы жоқ деген мәліметтерді жалған, себебі мемлекеттік бюджеттің көлемі 1 триллионнан асып кетті. Оның ішінде 14-15 миллиард теңге табу қиын емес дейді.

Ресми деректерге қарағанда Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 39 мыңнан аса ардагер бар.
XS
SM
MD
LG