Accessibility links

Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық түлік және мұнай айырбасы жөніндегі бағдарламаға қатысты коррупцияны тергей бастады


Парсы шығанағы соғысынан кейін Ираққа экономикалық шектеу қойылған соң, Ирақ халқын азық түлікпен қамтамасыз ету машақатын Біріккен Ұлттар Ұйымы мойнына алған. Ирақтың аса мол мұнайы Біріккен Ұлттар Ұйымының бақылауымен сатылатын, мұнай табыстары Біріккен Ұлттар Ұйымы қадағалайтын есеп-шоттарға түсетін. Біріккен Ұлттар Ұйымы Ирақ халқын азық түлікпен сол ақшадан қамтамасыз ететін.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық түлік және мұнай айырбасы бағдарламасы Ирақ халқын азық түлікпен, күнделікті тұрмысқа қажет заттармен қамтамасыз ету үшін өте маңызды болды. Парсы шығанағы соғысынан кейін Ирақтың мұнай өндірісі шектелгені белгілі. Ирақтың мұнай табыстары азық түлік мұқтаждығына басым жұмсалды. Және Ирақ Парсы шығанағы соғысынан зардап шеккен Кувейтке өтемақы төлеуге міндеттелді, ол ақша Біріккен Ұлттар Ұйымының бақылауындағы есеп шоттардан төленді. Ирақпен сауда жасаған компаниялар Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық түлік және мұнай айырбасы жөніндегі бағдарламасының аясында жұмыс істеді. 1996 жылы желтоқсанда басталған бағдарлама қазір тоқтап тұр, бұған әлбетте, былтыр басталған соғыс себепші.

Жалпы, осы жылдары Азық түлік және мұнай айырбасы бағдарламасының шеңберінде Біріккен Ұлттар Ұйымы 40 миллиард долларға ізгілік көмек шаруаларын атқарған. Ұйым тарихында бұл ең қомақты науқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының кейбір қызметкерлері алтын көріп жолдан тайған деген жорамал бар. Кейбір мәлімдемеге қарағанда, мұнай саудасында көзбояушылық болған, асыра мәлімет жазу болған. Соның салдарынан Саддам Хұсейнның үкіметіне тиесілі құпия есеп шоттарға шамамен 11 миллиард доллар лас ақша құйылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы күдікті мәселені анықтауға өзі ынта танытып отыр. Мұның саяси маңызы дәл қазір өте жоғары. Себебі Ирақта қайта жөндеу шаруасында саяси жетекшілік Біріккен Ұлттар Ұйымына өтіп жатыр, бірінші шілдеде билік Ирақ үкіметіне тапсырылса – бұл науқанда Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа жоспары бойынша іске асырылып жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі сәрсенбі күні тергеу жайында арнайы қаулы шығарды. Бас хатшы Кофи Аннан тексеру комиссиясына үш адамды кіргізді, АҚШ орталық банкінің бұрынғы төрағасы Пол Волкер комиссия бастығы атанды. Комиссияға сондай ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Қылмыстық трибунал сотының бұрынғы бас прокуроры Ричард Голдстоун және Швейцарияның заңгері Марк Пиизс енді. Комиссия төрағасы Пол Волкер зерттеу жұмысына түрлі мамандарды кеңінен қатыстырамыз деді:

- Есеп қисап шаруаларда машаққатанған тәжірибелі мамандарды қажет қылатынымызда сөз жоқ. Бізге тергеушілерде қажет болады. Біз заңгерлерді де қатыстыруға міндетті боламыз. Тергеу шаруаларында тәжірибесі мол адамдарды шақыру да міндетіміз. Бұл өзі намысқа тырысатын шаруа.

Америка Құрама Штаттарының Конгресі өз тергеуін жүргізіп жатыр. АҚШ-тағы кейбір мамандар бас хатшы Кофи Аннан толыққанды тергеу жасатқыза алмайды деп сенімсіздік танытқан. Мәселені Біріккен Ұлттар Ұйымы мұның алдында да анықтауға күш салған. Онда Қауіпсіздік кеңесінің шектеу шешімін бұзып, кейбір африкандық елдермен қару жарақ және алмас саудасын жасаған елдер атанған. Жаңа комиссияның құзыры әлде қайда кең. Қауіпсіздік кеңесіндегі 15 елдегі, әсіресе бес тұрақты қатысушының елдеріндегі компаниялардың шаруалары зерттелмек.

Бас хатшы Кофи Аннан тергеу болмысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ирақта қызмет атқарған жұмыскерлеріне, жалпы ұйымның келбетіне кір келтірмеу керек дейді. Ұйымның кейбір қызметкерлері заңнан аттады деп анықталсада, аса үлкен ізгілік қызмет атқарған халықаралық мекеменің абыройына нұқсан келмейді, дейді Кофи Аннан.

Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейнесіне күдік келтіретін толыққанды мәлімет осы жылдың басында Ирақтың "Әл Мала" газетінде алғаш жарық көріп, 270 шақты компанияның аттары аталды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық түлік және мұнай айырбасы бағдарламасының бастығы Бенон Севан мұнай саудасында екі жүзді есеп болған деген күдіктерді жоққа шығарып келеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG