Accessibility links

Заманбек Нұрқаділов соттың шешіміне разы емес


Өткен аптада Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов мемлекет басшысының үстінен Медеу аудандық сотына түсірген талап-арызында, Азаматтық кодекстің 951, 952 бабына сілтеме жасай отырып, өз өтінішінің қанағаттандырылуын сұраған еді. Талап-арызды қабылдаған Медеу аудандық соты, кейіннен оны қайтарып беру туралы ұйғарым шығарды. Заманбек Нұрқаділов дүйсенбі күні «Азаттық» радиосымен байланысып, Медеу аудандық сотының мұндай шешіміне қанағаттанбайтындығын айтып, енді бұл істі қайта қарау үшін қалалық сотқа арызданатындығын мәлімдеді.

Заманбек Нұрқаділов, Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің бұрынғы төрағасы.

Қандай заң болса да, оның пәрмені Ата заңнан күшті емес қой.. Біз талап-арызды сәрсенбі күні бергенбіз. Менің қорғаушым Серік Сәрсенов, сол күні таңертең талап-арызды Медеу аудандық сотына апарып берген. Талап-арыз қабылданғаннан кейін президент Мәскеуден ұшып келді. Президент келгеннен кейін бір күн өткен соң, атап айтсақ жұма күні Медеу аудандық соты «Бірінші президент туралы заң бойынша - мемлекет басшысын соттауға болмайды» деген мағынадағы шешім шығарыпты.

Бірақ бұл шығарылған шешімде - егер де соттың шешіміне разы болмасақ, бұл істі он күннің ішінде қайта қарау үшін, қалалық сотқа беруге құқымыздың бар екендігі ескертіліпті.

Біріншіден - сол құқымды пайдаланайын деп отырмын, екіншіден- мен өзім берген анықтама сөзімде Қазақстандағы соттық жүйелер дұрыс қарап, Назарбаевты сотқа шақырып, немесе оның адвокаты арқылы бұл іс сол жерде қаралса, онда Қажыгелдин мен Жақияновтың ісін де сот дұрыс қараған деп есептейтіндігімді айтқанмын. Егер де сот бұл істі қарамай қайтарып жіберсе, онда Қазақстанда тек қана, Назарбаевтың қарсыластарын түрмеге отырғызатын сот жүйесі ғана жұмыс істейді дегенді де сол анықтама сөзімде жеткізгенмін.

Қазір анықталды. Назарбаевқа бағынышты сот жүйесі оның қалаған адамын түрмеге отырғызады, қалаған адамын түрмеге қамамайды. Қамалмайтындар, әрине өзіне ақша беретіндер, өзімен бірге ақша ұрлайтындар деп түсінемін.

Сондай-ақ дүйсенбі күні Медеу аудандық сотында Борис Годуновтың Заманбек Нұрқаділовтың үстінен түсірген шағым-арызы бойынша сот процесі жалғасты.

Сотқа шағымданушы Борис Годуновтың айтуынша, Заманбек Нұрқаділов мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қара күйе жағу арқылы, сүйікті президентінің ар-ожданына кір келтірген. Сондай-ақ Борис Годунов өзінің қолында Заманбек Нұрқаділовтың талай заңсыздығын әшкерелейтін құжаттардың бар екендігінен де сотты хабардар етті.

Кәрішал Асан-Ата, диссидент, Заманбек Нұрқаділовтың соттағы өкілі. Бұны сөз жоқ біреулер ұйымдастырып отыр. Годуновтың қолына өмірі түспейтін материалдарды біреулер тауып берген. Өткен жолғы сотта, Білім министрінің қолы қойылған бір құжаттарды көрсетті, айтты. Осыған қарағанда Борис Годуновты ар жағынан итермелеп, оның қолымен от көсетіп, дайындап отырған адамдар бар. Заманбектің сөзінен бір шындық шығып қала ма деп үрейленетін, соның жолын жауып тастайық деген адамдардың ұйымдастырып отырғаны іс-әрекеті бұл. Заманбек Нұрқаділовтың адвокаты Серік Сәрсенов шағымданушы Борис Годуновтың арызының заңдық негізі жоқ деп есептейді. Серік Сәрсеновтың айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Борис Годуновқа сенім-хат бергенде ғана, оның мемлекет басшысының ар-ожданын қорғауға құқысы бар.

Бір сағатқа созылған сот процесінен кейін Медеу ауданының соты Марат Мақсұтов, бұл іс бойынша шешімнің 27 көкек күні шығарылатындығынан хабардар етті.
XS
SM
MD
LG