Accessibility links

Бірінші мамыр мерекесін қазақстандықтар 1-3 мамыр күндері атап өтетін болады.


1 мамыр кеңес одағы кезінде Қазақстанда еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде аталып өтілетін. Бірақ бұл мерекенің 1886 жылы Америкада басталғанын көпшілік біле бермейді.

Ол кезде Чикагодағы жұмысшылар 15 сағаттық жұмыс күніне қарсылық білдіріп ереуілге шыққан болатын, дейді тарихшылар. 1889 жылғы маусымда ІІ Интернационалдың Париж конгресі Чикагодағы жұмысшылар ереуілін мәңгі есте қалдыру мақсатында жыл сайын бірінші мамырда шеру өткізу туралы шешім қабылдаған. Қазір еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні әлемнің 66 мемлекетінде атап өтіледі. Ал, Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес, мамырдың 1-і 1996 жылдан бастап Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде мерекеленеді. Астана тұрғыны Асылбек Ахметовтің ойынша осындай мерекелердің неғұрлым көп болғаны дұрыс.

-Енді мейрамның көп болғаны дұрыс қой. Адамның көңілін көтеруге мынадай ауыр жағдай кезінде. Қыдырып былай, көріп өтсеңде мейрам, бірдеңе алмасаңда.

Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін республика халықтарының бірлігі күні -биыл сенбіге түскен. Мейрамдар туралы заңдарға сәйкес мереке демалыс күніне сәйкес келген жағдайда демалыстан кейінгі жұмыс күні де демалыс болып есептеледі. Сонымен, күнпарақ бойынша дүйсенбіге келген 3-мамыр Қазақстанда демалыс болып жарияланды. Бұл күні министрліктер мен мекемелерде демалыс күні болғанымен жеке меншік компаниялардың біразы жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, Астанадағы ірі құрылыс нысандарындағы құрылысшылар демалыс, мереке деген сөздерді ұмытуға жақын қалдық дейді. Шымкент қаласынан Астанадағы құрылысқа келген құрылысшы Исатай Қырымбековтың пікірінше, демалыстың қажеті шамалы.

-Демалыстан пайда жоқ, шынын айту керек. Уақыт өтіп кетеді. Жұмыс істеу керек жұмыс істеу үшін келдік мұнда. Енді ол шенеуніктердің орны бөлек, жұмысшылардың орны бөлек. Олар сияқты таза жүрсек, бізге де демалуға болады.

Демалыс күндері қала тұрғындарына қызмет көрсететін кәсіпорын жұмысшылары демалмайды. Мысалы, Астана саябақтарында балалар атракциондарында істейтін қызметкерлер тек сенбі жексенбі және мереке күндері өткен соң ғана демалыс ала алады. Ал бір апта бойы зауытта еңбек еткен жұмысшылардың біразы осындай орындарға келіп тынығуды әдетке айналдырған. Астана саябағына демалысқа келген қала зауыттарының бірінде істейтін жұмысшылардың пікірінше, демалыс күндері кеңес одағы кезінде мүлде басқаша өткізілетін.

-Мұндай демалыс керек. Бұрын ақша болатын. Бірақ ешқайда бара алмайтынбыз. Ал қазір ақшаны уақытында бермейді. Демалысқа шығамыз тиын - тебенмен. Қазір мерекелеп жатқандар негізінен шенеуніктер, біз болсақ жылына бір рет шығамыз осылай.

-Кеңес үкіметі кезінде әдемі болатын, демалыс 3 күн болатын. Ал, қазір демалыс жоқ бізде. Енді бұрыңғы заманмен салыстырғанда, халықтың әл-ауқаты да нашар. Шенеуніктер өздері кетеді, біз қараусыз қаламыз. Ал енді, осыны салыстыруға болама, бұрын мысалы сағат 9 келесің 6 кетесің уақытымен.

-Ол кезде таңғы сағат 9 –дан 5-ке дейін жұмыс, 2 күн демалыс. Қазір әркім өзі үшін, жанұясына. Енді халық демалғанда бізде демалуымыз керек, бәрімізде адаммыз ғой. Қазір заман солай ғой.

Сарапшылар арасында 1 май - таптық мереке, сондықтан кеңеңстік мерекелерден гөрі діни мейрамдардың санын ұлғайту қажет деген пікірлер де айтылып қалады. Экономистердің ойынша, мейрамның көптігі мемлекетке жақсылық әкелмейді, өйткені жұмыс тоқтаған әр күн мемлекет үшін үлкен шығын. Дамып келе жатқан маемлекеттердің біразында демалыс күндері өте сирек кездесетіні де содан. Керісінше, дамыған мемлекеттердің көбісінде мерекелік күндер басым. Психолог мамандар керісінше демалыс күндері тынығып алған еңбекккерлердің жұмыс нәтижесі көтеріле түседі дейді.
XS
SM
MD
LG