Accessibility links

Қазақстан баспасөз еркіндігі жоқ ел ретінде танылып отыр


193 елдің баспасөз еркіндігін бағалайтын Freedom House ұйымының өкілі Антонино Станго мырза айтуынша, ұйымның 2003 жылғы зерттеуі бойынша заңнамалық, саяси, экономикалық жағдайларына байланысты Қазақстан 74 баллмен 2003 жылғы баспасөз еркіндігі жоқ елдер қатарынан орын алған. Қазақстан БАҚ өкілдері үшін 2003 жыл Нұрсұлтан Назарбаевтың оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдарына көрсеткен қысымы нәтижесінде сәтсіз жыл болған.

Антонино Станго мырзаның айтуынша, 2003 жылдың 25 желтоқсанында ҚР төменгі палатасы құптаған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң баспасөз бостандығын ары қарай шектеудің құралы ретінде, БАҚ саласында қызмет атқаратын ұлттық және халықаралық ұйымдардың сынына ұшырады. Нақтылап айтсақ, журналистердің екі ұшты «мемлекеттік құпияларды» ашқандығы үшін бас бостандығынан айырылатындығы және айып салынатындығы, осы заң жобасының әртүрлі баптарын бұзғандығы үшін БАҚ-ты жабу туралы ережелер осының барлығы заңнаманың сөз бостандығының халықаралық стандарттанына қайшы келетіндігін көрсетеді. «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калева да Қазақстанда сөз бостандығы бар, - деп айта алмайды. - 2003 жылы БАҚ өкілдерінің отбасыларына 9 шабуыл жасалса, 2004 жылдың өткен 4 айында 4 журналис соққыға жығылған. 2003 жылы «Әділ сөз» қорының есеп мониторингі бойынша 21 журналист қуғынға ұшыраса, 2004 жылдың басында олардың саны 8-ге жеткен. ҚР Азаматтық кодексінің 143 ар, намыс, жеке және заңды тұлғалардың іскерлік беделін қорғау бабы ең қажетті, сұраныстағы бап болып табылады,- дейді Тамара Калеева. Оның айтуынша, ар, намыс, іскерлік беделді қорғаумен сотқа жүгінген арыздардың саны 96-ға жеткен. БАҚ пен журналистерді сотқа берушілердің 41-і жай адамдар, 42-сі заңды тұлғалар, 52-сі шенеуніктер екен.

Сондай-ақ, «Әділ сөз» қоры Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау халықаралық ұйымы бюросымен бірлесе отырып, Халықаралық баспасөз еркіндігі күніне орай, Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарында өздеріне ерекше назар аудартқан тыңдармандар мен көрермендер, оқырмандар арасынан «Қазіргі заман кейіпкері» номинациясы бойынша дипломдар тағайындап, 1-ші дәрежелі диплом ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрінің орынбасары, қабылданбай қалған «БАҚ туралы» Заңға сіңірген ерекше еңбегі үшін Ардақ Досжанға бұйырды. Келесі диплом қазақ спортының бүгінгі күйі жайлы сын мақала жазған Несіп Жүнісбаевты жұмыстан қуып, жеке беделін жоғары қойғаны үшін Спорт және Туризм агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыхановқа бұйырды. Осылайша 18 түрлі номинация бойынша жазылған дипломдар өз иелеріне пошта байланысы арқылы жеткізілетін болады,- деді Тамара Калеева ханым. Осы орайда, Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері баспасөз еркіндігін қалай бағалайды? «Навигатор» интернет газетінің тілшісі Есен Смағұловтың пікірі төмендегідей болды. -Ешқандай елде абсолютті баспасөз еркіндігі болмайды. Бізде салыстырмалы түрде алғанда Ресей, Европа елдеріне қарағанда баспасөз еркіндігі жоқ. Келесі «Начнем с понедельника» газетінің тілшісі пікірінше, Қазақстандағы баспасөз еркіндігін шеңбер ішінде,- деп айтуға болады. Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев мынадай пікірде. -Қазақстанда баспасөз бостандығы бар. Егер «БАҚ туралы» жаңа Заң қабылданып кеткенде біздің жағдайымыз өте қиын болатын еді.
XS
SM
MD
LG