Accessibility links

Қазақстанның үкімет басшысы Даниял Ахметов іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге байланысты, бұдан былай қатаң талаптар қойылатынын ескертіп, министрліктер мен облыс әкімдерінің әрбір 2-3 айда іс барысы


Маусымның 8-і күні Қазақстан үкіметінің жиналысында әлі күнге дейін мемлекеттік органдардың іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге жеткілікті көңіл бөлмей отырғандығы сыналды. Қазақстанның премьер-министрі Даниял Ахметов айтып өткендей, іс қағаздарын мемлекеттік тілде көшіру жұмыстары бойынша бұдан былай қатаң талаптар қойылады.

-Судың да сұруы бар дегендей, мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілде құжат дайындауын талап ететін уақыт жетті.

Қазір еліміздің 5 облысы мәслихаттар мен әкімдердің шешімдері негізінде мемлекеттік тілге көшкен. Ал көптеген мемлекеттік органдарда қазақ тілі тек аударма деңгейінде қалып отыр дейді Қазақстанның мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов.

-Орталық органдардан осы күндері 90 пайыз құжаттары орыс тілінде кетеді. Оларға да орысша жауап беруге мәжбүрміз. Құжаттардың көбі ресми тілде дайындалады да сосын аударылады.

Мемлекеттік тілді үйренуде белсенділік танытқан мамандарға ішкі істер, әділет және көлік министрліктері үнемделген қаражатынан 20-25 пайыз үстем ақы төлеу тәжірибесін енгізген. Қасеиновтың айтуынша, осы ведомстволарда мемлекеттік тілді қолданатын қызметкерлерге сыйақы тағайындау тәжірибеге енгізілсе, кейбір министрліктерде мұндай үрдіс қолдау таппай отыр. Ал, бұл мәселені шешу мемлекеттік тілді меңгерудегі пәрменді тетіктердің бірі болмақ, дейді Қасейінов. Ал саясаттанушы Дос Көшімнің, пікірінше, тілді үйренгендерге үстемақы беру саясаты адам құқықығының теңдігіне қайшы келеді.

-Отаршылдықтың кесерінен толық құрып кете жаздаған бұл тіл. Сондықтан, мен мемлекеттік тіл дегенге мүлде қарсымын. Бұл қазақ тілі деген сөзді ұялмай айтуымыз керек. Одан қорқатын жағдайға келдік біз, мемлекеттік тіл дегенді жамылып. Егер, қазақ тілін білген адамға қосымша ақша беру керек десе, бұл адам құқығының теңдігін бұзғаны болып табылады. Онда орыс тілін білгенім үшін маған да қосымша ақша төлесін.

Қазақстанның мәдениет министрі Дүйсен Қасейіновтің пікірінше, тілдерді дамыту департаментінің мәртебесін арттырып, құзыретін күшейту қажеттілігі уақыт талап етіп отырған мәселе. Осыған байланысты Мәдениет министрлігінің құрамында тіл комитетін құру ұсынылған. Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясының өкілі Петр Своиктің пікірінше, мемлекет-конституцияда жазылғандай мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасауы қажет, яғни дұрыс қаржыландыруы шарт. Ал Қасеинов айтқан мемлекеттік тілге деген назарды күшейту деген мәлімдемесі жақшада мәжбүр ету деген декларацияға ұқсайды дейді ол.

Саясаттанушы Әміржан Қосановтың ойынша, мемлекеттік тіл саясатына көзделген қаражатты басқаша жұмсау керек.

-Тілден нан жеп жүрген шенеуніктерді көбейтіп, тілді дамыту процессін ұмытып кетеміз. Біз тілдің мәселесіне байланысты, институттарға, мұғалімдерге, ғалымдарға әдістемесін неге әзірлемейміз? Неге біз бір аппаратты ұстауымыз керек? Сол шенеунікті қаржыландырудан гөрі процессті қаржыландыру керек.

«Трансперенси Қазақстан» құқықтық журналының редакторы Сергей Злотниковтың ойынша, мемлекеттік тілді әуежайларда осы тілдің көмегімен ұшақтарды қондыратын немесе медициналық операциялар жасайтын деңгейге жеткізу керек. Ал қазір қазақстан заңдарының орыс тіліндегі нұсқасы қазақ тіліндегі мәтініне сәйкес келмейді дейді заңгер.

Саясаттанушы Дос Көшімнің, түсіндіруінше, барлық облыстардың іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізілмей жатқандығының ерекше себебі бар.

-Мемлекеттік тілдің жүзеге аспауына мемлекеттің өзі кіналі, және мемлекеттік қызметкерлердің соған қарсы жұмыс істеп отырғаны айдан анық. Себебі, ертең қазақ тілі орыс тілінің деңгейіне жетсе, онда олардың өздерінің 80 пайызы, балаларының 90 пайызы, ағылшын тілінде оқып жатқан немерелерінің 100 пайызы жұмыссыз қалады.

Ал құқықтық журналдың редакторы Сергей Злотниковтың ойынша, тіл комитетін құру және мемлекеттік іс қағаздарына деген талаптарды күшейту ұсыныстары мемлекеттік тілді білмейтін орыстармен қатар қазақтардың ішіндегі кәсіби мамандардың көшуіне әкеп соғуы ықтимал.

Осы уақытқа дейін, бірқатар министрліктерде мемлекеттік тілде жасалған құжаттарға сараптама жасайтын арнайы басқармалар ашылған.
XS
SM
MD
LG