Accessibility links

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Каспий теңізін аумақтық теңіздерге, балық аулау аймақтарына және ашық теңіздерге бөлуді ұсынды.


Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың пікірінше, Каспий табанын 5 ел арасындағы келісімге сай бөлген дұрыс. Тоқаев айтып өткендей, Қазақстан теңіз табанын Ресей және Әзірбайжан елдерімен осылай бөліскен. Өйткені, Каспий маңы мемлекеттерінің жағалау сызығының ұзындығы әр түрлі, бұл теңіз табанын теңдей беске бөлу принципін қиындатады дейді министр. Ал, Ресей федерациясының сыртқы істер министрінің орынбасары Виктор Калюжныйдың ойынша, теңізді бөлетін шекаралардың қажеті шамалы.

Қазақстандық мамандардың пікірінше, Каспий жағалауындағы мемлекеттердің балық шаруашылығы саласында бірқатар ерекшеліктері бар. Экономикасында балық шаруашылығы елеулі орын алатын елдер территориалды теңіздердегі шектеулердің кесірінен тұтынушыларын қанағаттындыра алмай келеді. Қазақстан Парламентінің халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Шәріп Омаровтың пікірінше, әр ел теңіз жаялығын өзіне тартса, Каспийді бөлу қиынға соғады.

-Қара уылдырық Ресейдің Астрахань жағында Қазақстанның Атырау, Орал жағында ең көбісі. Түркмендер мен басқалар не істейді онда. Бәрімізге бірдей қылып құқықтың заң берсе, бейбітшілік теңізі болар еді.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Каспий теңізін делимитаризациялау мәселесіне де тоқталды. Тоқаевтың пікірінше, қару-жарақтан мүлдем бас тарту мүмкін емес. 5 ел арасында қару-жарақты қадағалау туралы келісімдер негізінде жүйе жасау қажет деді Тоқаев. Оның пікірінше, соның арқасында Каспий аумағында қару-жарақ тепе-теңдігін жүзеге асыруға болады. Қазақстан Парламентінің халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Шәріп Омаров сыртқы істер министрінің бұл ұсынысын құптап отыр. Қазақстанның флоты ең кішкентай. Ал, Каспий теңізіндегі бейбітшілікті сақтау үшін әр елден тек ең төменгі мөлшердегі қажетті деген катерлерін сақтап қалу керек дейді.

-Есірткіге қарсы, браконьерлерге қарсы теңіз шекарасын қорғау үшін қажет. Ал енді, Иран өз флотын күшейтіп жатыр. Енді ертең әр қайсысы бір біріне қарап күшейте беретін болса, ертең не болып кетеді онда.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың пікірінше, Каспий теңізінің табанынан құбырлар мен кабельдерді өткізу мәселесін шешу үшін, сол бағыттың теңіз учаскесі арқылы өтетін елінен рұқсат алған жеткілікті. Өйткені Каспий жағалауындағы барлық мемлекеттердің экологиялық сараптамасын күту жобаны жүзеге асырып отырған елдердің экономикалық қызығушылықтарына қайшы келеді. Ал, Қазақстандағы табиғатты қорғау ұйымының төрағасы Мелс Елеусізовтің пікірі өзгеше.

-Басында жоба жасаған кезде, экология жағын қарамайды да, сосын апатқа ұшырайды. Сондықтан, ең бірінші экологияға қарау керек олар.

Егер Каспийді әлемдік мұхиттан бөлек екендігін ескерсек, оны көл деп санау қажет дейді кейбір мамандар. Бұл жағдайда, оны қоршап жатқан 5 мемлекет көл табанын сектор бойынша бөлуі жөн. Егер теңіз деп есептесе, онда халықаралық заңдарға сүйеніп, жағалаудағы елдерге 21 мың шақырымға жуық территория бөлініп, қалғаны бейтарап аймаққа жатқызылуы тиіс. Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың бұл мәселеге қатысты өзіндік пікірі бар.

-Теңіздің суын бөлуге болмайды. Ал байлықты бөлу керек. Оны он жыл болды бөле алмай жатыр, өйткені Иран келіспей жатыр. Иран жақтағы секторда мұнай шамалы, сосын олар тең бөлуді көздеп отыр. Ал беске бөлуге болмайды.

Осы уақытқа дейін, теңізді сектор бойынша бөлген, кеңес одағы кезінде қабылданған заң жүзеге асырылып келген. Бұл орайда, Каспийдегі территория жағынан ең үлкен бөлігі Қазақстанның үлесіне тиеді. Одан соң Әзірбайжан, Түркменстан және Ресей тұр. Ең шағын территория Иранға тиесілі. Иран өкілдері Каспий ресурстарын тек кондоминимум тұрғысынан, яғни тең бөліп пайдалану қажеттігін айтып келеді. Ал Қазақстандық сарапшы Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстанға Иранның көзқарасын ұстанған дұрыс.

-Тең бөліссе сол аквоторийде халықаралық құжаттармен қорғалады.

Каспийді бөлісу төңірегінде, Иран мен Түркменстанның позициялары ұқсас. Екі мемлекетте Каспий байлығын тең пайдаланған дұрыс деген пікірді ұстанып отыр. Түркменстан теңіз табанын 20 пайыздан теңдей бөлісіп алуды ұсынған болатын. Ресей мен Қазақстан Каспий табанын орта сызық бойынша бөлуге келісіп отыр.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG