Accessibility links

Алматы маңайындағы Үлкен және кіші Алматы, Есентай өзендері аумағында қауіпті жағдайлар болуы ықтимал.


Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдайлардың 13 пайыздан астамы табиғи апаттарға байланысты туындаған. Қазіргі кезде су тасқыны болуы мүмкін деп саналатын 156 елді мекен анықталып отыр. Оның ішінде Алматы маңайындағы Үлкен және кіші Алматы, Есентай өзендері аумағында қауіпті жағдайлар болуы ықтимал. «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мәліметтеріне қарағанда, аталған өзендердің бойында 50-ден астам дәмханалар мен мейрамханалар орналасқан екен. Егер қатты жауын жауып, су таситын болса, дем алуға келген 6 мыңнан астам адамға қауіп төнуі мүмкін. Сонымен қоса, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 496 қауіпті нысандар тіркелген. Бірқатар плотиналар мен дамбыларда соңғы 10-15 жылдың көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. «Қазір осыған байланысты жұмыстар атқарылуда», - дейді Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы Нұрахмет Бижанов. Агенттік төрағасының айтуынша, Республика бойынша 20-дан астам дамбылар бар екен. Солардың барлығына жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қыс мезгілінде Қызылорда облысының Сырдария өзені арнасының асып-төгілуі салдарынан 350-ден астам үйлерді су басып қалған. Мұндай жағдай соңғы 50 жылда болмаған. «300 текше метр шамасында болатын су көлемі биыл 1000 –ға дейін жетті. Тоқтағұлдағы су электр станциясының қысқы режимге ауысуына байланысты жазда, көктемде жіберілетін суды қыста жіберген, соның әсерінен Қызылорда өңірінде дарияның асуына әкеліп соқтырды», дейді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығы Қорғанбек Қайроллаұлы. Қауіпті аумақтан облыстың және төтенше жағдайлар жөніндегі республикалық Агенттіктің көмегімен 3 мыңға тарта адам көшірілген.

Айтып келмейтін төтенше жағдайлар өз алдына, алайда мамандар алдын-алу шараларының жасалмауынан адам өліміне апарған төтенше жағдайлардың орын алатынын айтады. Мәселен, маусымның 9 күні Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауылындағы шахтада тіректерді ауыстыруға түскен 6 адамның 5-уі қайтыс болған. «Оның бесіншісі тек 11 маусымда ғана шығарылды. 10 күннен кейін Үкіметтік комиссия жұмысы аяқталған соң, нәтижесі белгілі болады», дейді Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың төтенше жаңдайлардың алдын-алу жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Ғиззат Қыстаубаев.

Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің ұсынымына сәйкес аумақтардағы халықты қорғау, төтенше жағдайлардың алдын-алу және болдырмау жұмыстарының жоспарына сәйкестендірілген кешенді Бағдарлама жасалыпты.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG