Accessibility links

АҚШ-та спортшылар күш-қуат беретін стероидқа жаппай әуестенуде.


Афинадағы кезекті жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңында Халықаралық Олимпиада Комитеті мен бүкіл әлемдегі спорт лигалары қатаң тыйым салған допинг немесе денеге қосымша қуат бітіретін стероид дәрі-дәрмегін заңсыз қолданудан шыққан жанжалдар көбейіп барады. Сондай жанжалдың біріне кәсіпқой велоспорттан америкалық әлем чемпионы Лэнс Армстронг та тап болды. Оның мәртебелі Тур де Франс жарысындағы 5 дүркін жеңісіне допинг дәрісін пайдаланды деген айыптың қара көлеңкесі түсіп тұр. Әлгіндей жанжалға Америка халқының бос уақытында сүйіп көретін кәсіпқой бейсбол ойыны да душар болды. Осы проблема бойынша біздің тілшіміз биотехнология маманымен тілдіскен болатын.

Тынық мұхиты жағалауындағы Сан-Франсиско қаласында орналасқан Биотехнолиялық лаборатория немесе қысқаша “BALCO” деп аталатын мекеме осы қаланың жетекші бейсбол ойыншысы Барри Бондсты қосымша қуат беретін есірткімен немесе стероидпен қамтамасыз етті деп айыпталуда. Бондстың өзі оны жоққа шығарды. Баспасөзге таяуда берген сұхбатында Барри Бондс өзін допинг қолданды деп айыптағандарды “қолдарыңнан келсе, дәлелдеп көріңдер” жазғырды: “Егер олар қаласа, мені күнде тексерсін!”.

Жоғарыда аталған BALCO лабораториясына 2000 жылғы Олимпиада ойындарында 5 алтын медальге ие болған спринтер Мерион Джонсқа да “қызмет” көрсетті деген күдік түсіп отыр. АҚШ-тың допингке қарсы күрес Агенттігі немесе USADA М.Джонс пен басқа да Олимпиада жеңімпаздарын тезіден өткізуде. Өйткені желаяқ М.Джонс бір үлкен жарыста 100 метрлік қашықтықта мәреге бесінше болып әзер жеткен болса, оның артынша ұзындыққа қарғудан алдына жан салмады. USADA тәуелсіз арбитрлердің тобының Мерион Джонспен жеке әңгіме (тергеу) өткізгенін тілеп отыр. Өз кезегінде Джонс ол әңгіменің ашық түрде өтуін талап етіп, бірақ онысы қабылданбады. Не Джонстың, не басқа жеңіл атлеттердің тыйым салынған стероидты қолданғаны арнайы тестерде дәлелденген жоқ. Дегенмен де, USADA Агенттігінің ескертуінше, егер де олар шынында да допинг қолданған болса, Афина ойындарында бәскелестеріне төтеп бере алмайды. Спортшыларға деген ондай күдік бүгін ғана туып отырған жоқ. Спорттық жетістіктері мен күш-қабылеті аяқ астынан артып шыға келген талай атлет сондай күдіктің астында жүр. Әйтсе де бұл проблема дәл қазір айрықша назар аудартып отыр. Өйткені, спорттың болашағына айқын қатер төніп тұр. Соған байланысты BALCO лабораториясының қожайыны мен тағы 3 кісіге стероид деп аталатын дәрі-дәрмекті таратты деген айып тағылды.

Эрик Коэн – технологиялар мен этика мәселелеріне арналған америкалық “Жаңа Атлантида” журналының редакторы. Ол, сондай-ақ, Вашингтондағы саяси зерттеу орталығы мен Этика және Қоғамдық тәртіп Орталығындағы Биотехнология мен Демократия бағдарламасының директоры болып табылады. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында ол әуесқой спортқа негізделген Олимпиада ойындарында жеңіл атлеттердің жеке өзінің бапкері болғанын аңсайтын заманды есіне алды. Ал қазір, деп атап көрсетті Коэн, жоғарғы технологияларды арқау еткен жаттығулар мен жетілдірілген азық-түлікті пайдаланған әлдеқайда тиімді. Мұның бәрі, Эрик Коэннің пікірінше, үйреншікті асты ысырып қойып, арнайы азық-түлікке көшуге жетелейді. Оның ойынша, Американың спорт ұйымдары үшін сондай арнайы заттарға қатаң тыйым салатын мезгілдің келгендігін байқатады. Э.К.: “Есірткіні қажет ететін бейсбол мен басқа да спорт жарыстарынан біз көріп отырғандай, алаңдаушылық туғызатын бірқатар сауал бар. Атлеттің жұмыс қабылетін арттыратын дәрі-дәрмектің қолданыс аясы кеңейе түсуде. Міне содан “қолдануға болатын және қолдануға болмайтын есірткілердің ара-жігін ажырата білеміз бе?” -деген сауал туғызады. Өйткені, кейбір дәрі-дәрмектің технологиясы соншалықты күрделі, оларды аңғару аса қиын”.

Э.Коэннің айтуынша, әлгіндей есірткілер Американың бүкіл спорт алаңдарында кәсіпқой атлеттер үшін ғана емес, барлықтары үшін спорттық жетістіктің кілті болып көріне бастады. Оның атап көрсетуінше, қосымша күш-қуат беретін стероидтарды қолдану университеттер мен мектептерінде кең етек жайған. Әйтсе де, Э.Коэннің зерттеуі - спорт жұлдызына айналған спортшыларды әлгіндей есірткіні пайдалануға миллиондаған доллар табысқа құмарлық мәжбүрлемейтінін көрсетіп отыр. Жас атлеттер стероид сынды есірткілерді спорт сахнасындағы ғұмырын ұзарту үшін қолданады.

Э.К.: “Бұлар (яғни стероидтар) жеңіске жетелейтін қозғаушы күш сияқты. Бірақ оның арты жақсылыққа соқтырмайды. Стероидтар біздің атлеттерімізге күш бітірмейді, керісінше өзіне кіріптар қылады. Ең үздік болғысы келген атлеттер қайта күш-қцуатынан айрылады. Олар атлеттерджен гөрі жануарларға көбірек ұқсайды”.

Э.Коэннің пікірінше, стероидтар атлеттердің рекордтарға жетуіне көмек беруі мүмкін, бірақ ондай көрсеткіштерді таза спорттық жетістік деп санауға болмайды. Өйткені ол рекордтарға адамның табиғи дарыны мен өз қабылеті жеткізген жоқ. Э.Коэннің мәлімдеуінше, адамның денсаулығы мен ағзасына тигізетін залалы үшін әлгіндей есірткілердің көбі заңнан тыс болу керек. Залал тигізбегеннің өзінде де, спорттық жарыстарға оларды жолатпау керек, себебі – олар жетістікке жетейлейтін жеңіл жол.

Атлеттің жұмыс қабылетін арттыратын стероидтарды қолданудың АҚШ-та арта түсуіне қарамастан, деп ескертеді Э.Коэн, кәсіпқой спорт саласында ондай есірткілерді басқа елдерге қарағанда, Америка көп қолданады дегенгеешқандай негіз жоқ. Дегенмен де Э.Коэн - спорттан алыс атлеттердің сондай есірткілерге әуестенуі салдарынан, Америкадағы спорттың болашағын бұлыңғыр ету мүмкіндігіне қатты алаңдайды.
XS
SM
MD
LG