Accessibility links

Қазақстандық ғалымдар гепатитті қысқа мерзімде емдейтін дәрі ойлап тапты.


Қазақстанның медицина саласындағы ғалымдары әлемдегі ең қауіпті аурулардың бірі - B, C, және D гепатитін емдейтін дәрі ойлап тауып, дүние жүзін дүр сілкіндірер сенсациялық жаңалық ашып отыр-, деп мәлімдеді маусымның 23-күні Алматыда осы жобаның жетекшісі әрі демеушісі Мұрат Тұрлыбеков. 4 жыл ішіндегі зерттеулер барысында бұл «Ренессанс » деп аталатын препараттың вирусқа қарсы белсенділігі 80 процентті құрап, кері әсер туғызбаған, асқынған сары аурудың барлық деңгейін емдей алатындығын және қысқа мерзімде аурудан айығып шығу мүмкіндігін көрсеткен. Демек, клиникалық сынақ кезінде Қазақстан, Ресей, Украинаның 119 азаматы осы дәріні пайдаланып сары аурудан жазылған.

Қазақ тағамтану Академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шармановтың басқаруымен 4 жыл бойы гепатит ауруына қарсы зерттеу тәжірибе жұмысын жүргізген ғалымдар тобы “Ренессанс” дәрі-дәрмегін ойлап тапқандарын, ол бүгінде оң нәтиже беріп жатқанын мәлімдеді. Негізі, осыған дейін бауыр дертіне қарсы қолданылып келген интерферрон дәрісімен емделу ұзақтығы кейбір реакцияларымен 18 айға созылса, бұл “Ренессанс” препаратымен емделіп шығу 2,5 айға ғана созылады әрі арзан және тиімділігі жоғары,- дейді жобаның демеушісі Мұрат Тұрлыбеков.

Сөйтіп, сары ауруға қарсы дәрі жасаушылар атынан сөз алған Мұрат Тұрлыбековтің айтуынша, бұл жаңалықты ашқаны үшін қазақстандық ғалымдарды Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде ресми хабарлама жіберілген.

Ал, биолог-маман Жанат Базарбаева, гепатитті емдеуге арналған бұл дәріні алдымен жануарларға қолданып, тәжірбие жасағанда ешқандай кері реакция болған жоқ дейді.

Жанат Базарбаеваның айтуынша, бұл дәрінің алғашқы нәтижелеріне қарап-ақ, оның болашағы зор деп айтуға болады.

Академик Төрегелді Шарманов гепатитке қарсы ойлап шығарылған бұл дәрі адамзатты өлімнен құтқарады деп мәлімдеді. Өйткені, дүниежүзінде 800 млн-дай адам осы ауруға шалдығып, соңы өлімге әкеліп отыр. Ал, Қазақстанда сары аурумен ауырғандар саны 150 000-ға жеткен. Академик Төрегелді Шармановтың сөзіне қарағанда, гепатитке қарсы пайдаланылатын бұл дәрінің күші көптеген жұқпалы және басқа қауіпті ауруларды емдеуге жетеді.

“Ренессанс” дәрісін ойлап тапқан ғалымдар тобын өз ақшасымен қаржыландырған Мұрат Тұрлыбеков, егер мемлекет қолдау жасаса гепатитпен ауыратын әлемдегі 800 млн адамның ең болмағанда 80 млн-дайы Қазақстанға емделуге келсе, жылына республика бюджетіне 7,5- 8 млд доллар кіріс әкелуге болады дегенді алға тартады. Сонымен, болашақта Қазақстанда осы дәрілерді өндіретін мини-завод ашу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз-, дейді Мұрат Тұрлыбеков.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG