Accessibility links

Қазақстанда «мақпал төңкерісі» орын алуы мүмкін ба?!


«Сорос» қорының президенті американдық мультимиллиардер Джордж Сорос «Los Angeles Times» газетіне берген сұхбатында Грузиядағы биліктің «мақпал төңкерісі» арқылы ауысқанына қолдау білдіргенін және қоғамдық ұйымдар арқылы аз ғана болса да өзінің көмегі тигеніне қуанатындығын айтқан. Ол сонымен бірге бұрынғы пост кеңістік жүйесіндегі Орталық Азия мемлекеттерінде де ашық қоғам орнағанын қалайтындығын білдіріп, өзі құрған қайырымдылық қоры осы аймақ елдеріндегі демократиялық реформаларды қолдап отырғанын атап көрсеткен. «Los Angeles Times» газетінің мәліметі бойынша, 2003 жылы Сорос Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдеріндегі реформаларды қолдауға 20 миллионға жуық доллар жұмсаған.

Алайда Грузиядағы жағдайдан кейін Орталық Азия мемлекеттеріндегі бірқатар елдер «Сорос» қорын қуғындауға ұшыратқан. Мысалы Өзбекстан мемлекетінде Президенті Ислам Каримов «Сорос» қорының Өзбекстандағы бөлімшесін жаптыртқан. Ал Түркіменстан елінде үкіметтік емес ұйымдарға мүлдем жол жоқ. Алайда американдық «Los Angeles Times» газетке берген сұхбатында «Сорос» қорының Қазақстандағы бөлімшесінің басшысы Дариуш Зейтек Қазақстан Үкіметі Грузиядағы «мақпал төңкерісінің» Қазақстанда қайталанатынына сенбейді. Сондықтан біздер Қазақстан билігі тарапынан ешқандай қысымдық көріп отырған жоқпыз,– деп жауап берген.



Орталық Азия мемлекеттерінің алдында үлкен сайлау науқаны тұр. Оның ішінде Қазақстанда күзде өтетін Парламент Мәжілісіне сайлау. Жалпы қазақстандық сарапшылар мен саясаткерлердің пікірінше, Қазақстан халқының саяси сауаттылығы қандай деңгейде?! Осы мәселеге тоқталған едік.



Республикалық бақылаушылар жүйесінің президенті Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстанда халықтың саяси сауаттылығын көтеруге билік мүмкіндік беріп отырған жоқ. «Мемлекет олай жүргізгісі келмейді. Себебі көзі ашық халықтың аутаритарлық билікке қажеті жоқ. Көзі ашық халық мемлекеттен сұрай бастайды, мынау неге былай деп, ал оппозициялық партиялар халықтың сауатын ашудан гөрі, өздерінің идеологиясын бағыттайтын топты ғана қолдайды», – дейді Дос Көшім. Республикалық бақылаушылар жүйесінің президенті Қазақстанның төңкеріссіз-ақ демократиялық қоғамға жету мүмкіншілігі бар екендігін алға тартады. Бірақ кейбір облыстарда, аймақтарда ашыныс шегіне шыққанда наразылық шеруі болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал республика көлемінде халықты көтеретіндей саяси күштің жоқ екендігін айтады Дос Көшім.



Ал саясаткер, Парламент Мәжілісінің депутаты Төлен Тоқтасынов халықтың саяси белсенділігі жоғары деп біледі. «Билік келе жатқан сайлауды таза өткізбесе, онда менің ойымша халықтың сенімділігі, халықтың шыдамдылығы қазірдің өзінде таусылды. Соған байланысты Грузиядағы жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін деп ойлаймын», – дейді Төлен Тоқтасынов.



Ал Атыраудағы Демократияны қолдау орталығының директоры Жұмабай Доспанов Атырау өңірінде жұмыссыздық деңгейі өте жоғары дейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша, Қазақстандағы тұрмысы ең төмен аймақ – Атырау облысы болып шыққан. Жұмабай Доспанов өткен сайлауларда Атырау тұрғындарының қазіргі билікке қарсы дауыс бергендігін айтады. «1999 жылдың 10-қаңтарында Президент сайлауы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ең төмен 57 пайыз дауыс берген Атырау облысы болды. Немесе сол жылдың күзінде өткен Парламент сайлауында Қазақстан Республикасының Халық партиясы атқару комитетінің төрағасы Қажыгелдиннің орынбасары болған Ғазиз Алдамжаров екі турда да бірдей айқан басымдықпен жеңіске жеткен еді. Бірақ Нұрқаділов айтты ғой, Тасмағамбетов жәшікті аудартып, сайлауды жарамсыз деп тапқан», – дейді Атыраудағы Демократияны қолдау орталығының директоры Жұмабай Доспанов.



Жұмабай Доспанов өздерінің жүргізген сауалнамалары бойынша, Атырау тұрғындарының 80 пайызы оппозициялық партияларды атап айтқанда, Қазақстанның Демократиялық таңдауы, «Ақ жол» және Коммунистік партияларын қолдайтындығын айтады.



Ал Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Парламент мәжілісінің депутаты Амалбек Тшановтың айтуынша, оңтүстік өңірдің саяси сауаттылығының деңгейі өзге облыстарға қарағанда көш ілгері. Амалбек Тшанов егер күздегі сайлау электронды сайлау жүйесі арқылы өтетін болса, халықтың тыныш жатпайды дейді. «Қазір мынау электронды сайлау деп жатыр ғой. Бұл электронды сайлаудың түбі көрінбейді. Егер электронды сайлау дұрыс өтпейтін жағдайда әлбетте қазір әр партиялар бар, егер сол партияларға шын мәнісінде қиянат жасалынатын болса, жұртшылықтың жәй ғана емес, тиянақты айтатынына көзім жетеді»,– дейді Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов.
XS
SM
MD
LG