Accessibility links

Депутат Мұхтар Тінекеев моралдық шығынын 2 миллиардқа жуық теңгеге бағалауда.


ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінекеевтің шағымдануы бойынша Алматы қалалық Бостандық ауданының сотында сот процесі басталды. Депутат өзінің ар-ұжданына нұқсан келтірді деп «Ақжол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілевті және оның өзін негізсіз қаралаған сөздерін жариялағаны үшін «31 канал» телерадикомпаниясы мен «Навигатор» интернет газетін сотқа берді.

Алдымен депутат Мұхтар Тінекеев пен «Ақжол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілевтің арасындағы бұл дауға түрткі болған жайтқа тоқталайық. Үстіміздегі жылдың 7 мамырында «31 канал» телерадиокомпаниясындағы «Центр внимания» бағдарламасында «Ақжол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілевтің:

«Осы 12 жыл ішінде Қазақстанда ешқандай сайлау әділ өткен емес. Парламентте отырған депутаттардың 90 процентін халық сайлаған жоқ. Қарағандыдан сайлауға түскенімде жергілікті билікпен келіссөз жүргізген адамдармен кездестім. Билік олардан парламенттегі орын үшін 200 мың АҚШ долларын сұраған. Жігіттердің айтуынша, Мұхтар Тінекеев 50 мыңды жергілікті билікке, 50 мыңды Астанаға беру үшін 100 мың АҚШ долларын іздеп жүгірген. Сосын бұл депутаттыққа өтіп, әлгі ақшаларды қайтара бастайды. Депутаттық сауалдарға ақша алады» деуі ешқандай шындыққа келмейді, бұл менің ар-ұжданыма нұқсан келтіреді дейді депутат өз шағымында.

Осы оқиғадан кейін Мұхтар Тінекеев баспасөз маслихатын өткізіп, онда Болат Әбілев бір айдың ішінде өзінің айтқандарына дәлелдерін келтірсін деген талап қояды.

Дегенмен бұған қарамастан бірқатар ақпарат құралдарынан Б.Әбілевтің жоғарыдағы айыптаулары шыға бастады дейді депутат өз шағымында.

Сөйтіп, депутат Мұхтар Тінекеев Алматы қалалық Бостандық аудандық сотына арыз шағым түсіреді.

Алайда «Навигатор» интернет газетінің редакторы Юрий Мизинов өздері не үшін жазықты болып отырғанын түсінбейтіндігін айтады. Бұл ақпарат бізде баспасөзге шолудың ішінде шыққан. Және ол бізге әбден ескіріп шығып отыр. Бізге дейін ол көптеген ақпарат құралдарында жарық көрді. Алайда сотқа біздің таңдалып алынғанымыз қызық дейді ол.

ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінекеевтің адвокаты Виталий Воронов болса, әзірге нақты ешқандай түсініктеме бермейтінін айтты. Сотқа басты шағымданушы мен жауапкер де келмей оның орнына адвокаттары сенім білдіру бойынша жұмыс істей беруге мүмкіндік бар екенін айтады ол.

Ал «Навигатор» интернет газетінің редакторы Юрий Мизинов өз басылымдарында жақында Евразиялық қаржылық топқа қарсы екі бірдей мақала жариялануы Машкевичтің шамына тюі әбден мүмкін екенін айтады. Себебі М.Тінекеев «Азаматтық» партияның мүшесі екені белгілі дейді ол.

Алайда сәрсенбі күнгі сот тыңдауына басты жауапкер Б.Әбілевтің не өзі келмеді, не адвокаттарын жібермеді. Келесі тыңдау 9 шілдеге қалдырылды.

Бір айта кетерлігі депутат Мұхтар Тінекеев өзінің моралдық шығынын бас аяғын қосқанда 2 миллиардқа жуық теңгеге бағалайтындығы белгілі болды.
XS
SM
MD
LG