Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07-07-2004


Республикалық басылымдарда сайлау қарсаңындағы сөз бостандағының жай-күйі айтылуымен бірге таяуда үкімет қабылдаған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы түрлі пікір туғызып отыр. Мәселен, қазір Алматы қаласында салынып жатқан тұрғын үйлердің көпшілігінің қауіпсіздігі мен сапасы қамтамасыз етілмеген. Сол себептен, ресми түрде пайдаланылуға берілмеген тұрғын үйлерді сатып алушылар жауапты мемлекеттік орындар мен құрылыс кәсіпорындарын сотқа бермекші.

“Егемен Қазақстан” газетінде Қазақстанда тұрғын үй құрылысы бойынша бағдарлама қабылдануының нәтижесінде 2005-2007 жылдар аралығында 200 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілетіндігі айтылады. Алайда, мақала авторы, бүгінгі күнге дейін пәтер бағасының арзандамай тұрғандығына назар аударыпты. Мәселен, оның айтуынша, Астана қаласындағы ескі үйдің бесінші қабатындағы, төбесінен тамшы ағатын үйдің бағасы 25 мың доллар. Мақала авторы тұрғын үй бағасының бұлай шарықтауын ипотекалық несие жүйесінің енгізілуімен байланыстырады. Мақала авторының пікірінше, “халыққа жағдай жасауы тиіс ипотека керісінше оның қалтасын қағып отыр”. Сондықтан, автор арзан жаңа үйлердің салынуына мән берілуі тиіс деп есептейді.

Алайда, қазір жедел салынып жатқан тұрғын үйлердің де жағдайы мәз еместігіне тоқталады “Аргументы и факты Казахстан” басылымы. Мәселен, газетте келтірілген деректерге қарағанда, “Алматыдағы көптеген тұрғын үйлер рұқсат беретін құжаттарсыз салынып жатыр”. Көп жағдайда ауданның сейсмологиялық, экологиялық, климаттық ерекшеліктері есепке алынбай, құрылыс нормалары мен қағидалары сақталанбаған. Осыған орай прокуратураның назарына 50-ден астам құрылыс объектілері ілінген. “Бәрінен бұрын ресми түрде пайдалануға берілмеген үйлерде тұрып жатқан адамдар жапа шекті. Олар пәтердің әр шаршы метріне 340-тан 1000 долларға дейін шығындаған”, - дейді “Аргументы и факты Казахстан” басылымы. Сол себептен, газеттің хабарлауына қарағанда, олар жаңа қоныстарының қауіпсіздігіне де, сапасына да еш кепілідік берілмегенін білгеннен кейін құрылыс компаниялары мен жауапты мемлекеттік органдарының үстінен қарсы шағым-арыздарын даярлап жатыр екен.



“Литер” газеті “Сайлау туралы” заңдағы сайлау науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына арналған тұсы бұлыңғыр екендігін тілге тиек ете отырып, соның негізінде журналистерге арнап әзірленген түсіндірме жинағында да кереғар, екіұшты тұстар көп екендігін айтады. Мәселен, жаңа талап бойынша редакция сайлау кезінде кандидат жариялауға ұсынған материалда басқа тіркелген партия немесе үмтікердің абыройына нұқсан келтіретін ақпарат болса, одан бас тартуға құқылы. “Мұндай материал жариялағысы келген кандидат редакцияға айғақтар әкелуі тиіс. Алайда, тілдің мүмкіндігі мол. Енді сайлау қарсаңында кандидат бәсекелесінің аузын бағып, оның әр сөзінен меңзеу, намысқа тиетін сарын естіп тұратын шығар”, - дейді газет тілшісі. Сол себептен, газет тілшісі ақпарат құралдары көлденең кедергіге кезікпеуі үшін сайлау қарсаңында неғұрлым мадақтау мазмұнындағы мақалалар ғана жарияланатындығын айтады. “Орталық сайлау комиссиясы және Ақпарат министрлігі өкілдерінің түсіндірмесі мен сайлау кезінде билік пен ақпарат құралдары басшылыққа алуы тиіс жинақ шенеуніктердің баспасөзді тұсаулағысы келетіндігін кезекті мәрте байқатты”, - деп есептейді мақала авторы.

Ал парламент депутаты Уәлихан Қалижан болса, “кейінгі кезде басылымдардың көбі біреудің өшін алу құралына айналып бара жатқандығын” тілге тиек ете отырып, көптеген журналистер редактордың айтқанын жазуға мәжбүр дейді. Өйтпесе, белгілі жәйт – жұмыстан шығады. Осындай жағдайда “журналистің бас бостандығы туралы не айтуға болады?” дей келіп, “бұл ретте қабылданбай қалған бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң біраз мәселені шеше алатын еді”, - деген қорытындыға келеді парламент мәжілісінің депутаты.



“Экспресс К” газеті болса, соңғы санында Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмысты істер төралқасы төрағасының журналистер көп жағдайдың парқына бара бермей, қалайда қоғамдық резонанс жасауға ұмтылады деп отырып, газет тілшісін анықталмаған ақпарат берді деп айтыпғанын баяндалады. Алайда, газет сот төрешісінің ресми басылым арқылы журналистке дәйексіз, ойдан құрастырылған айып таққандағын жеткізеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG