Accessibility links

Мемлекеттік білім беру гранттары мен несиелерді тағайындайтын конкурсқа қатысуға талапкерлерден құжаттар қабылдау мерзімінің аяқталуына 1 күн қалды


Қазақстанның жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру гранттары мен несиелерді тағайындайтын конкурсқа қатысуға талапкерлерден құжаттар және кешенді тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау мерзімінің аяқталуына 1 күн қалды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес, «Алтын белгі» мен республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерінің саны кей мамандықтар бойынша тағайындалған мемлекеттік білім грантынан асып түсуіне байланысты енді олардың арасында өзара сынақ өткізілетін болады.

Бүгінде өтініштерді қабылдау Қазақстанның 169 жоғары оқу орындарында жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін қабылдау комиссияларына 80 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 66 пайыздан астамы қазақ тілінде, 33 пайыздан астам орыс тілінде. Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеуден алған балының жоғары болуына қарамастан, шілденің 10-ына дейінгі аралықта құжаттарын тапсырып үлгермеген бала мемлекеттік білім беру грантынан құр қалады екен.

Грантқа қатысатындардың басым көпшілігі құжаттарын әлеуметтік жұмыс мамандығына тапсырып отыр. 1 орынға 42 бала қазақ бөліміне, 30 бала орыс бөліміне құжаттарын тапсырған. Екінші орында география мамандығы, үшінші орында аударма ісі бойынша құжат тапсырылды», - дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім департаментінің директоры Болатбек Серікбайұлы.

Биыл «Алтын белгі» мен республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері, ғылыми жұмыстарға қатысып жеңімпаз атанған балалардың саны кей мамандықтар бойынша тағайындалған мемлекеттік білім грантынан асып түскен. «Мұндай жағдай аймақтану, ақпараттық жүйелер мамандығы мен Қазақстан-Британ Техникалық Университетінде байқалып отыр. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі сол балалардың арасында өзара сынақ өткізуді жоспарлауда. Сондай-ақ, кей талапкерлер экономика, құқықтану мамандықтарында мемлекеттік білім гранттарының болмауы себепті, ақылы бөлімде оқуды ұйғарып отыр екен», - дейді Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығының директоры Такир Балықбаев.

Орта білім департаменті директорының орынбасары Қадырбек Бөрібековтың айтуына қарағанда, бүгінде Қазақстанда 400-ден аса орта кәсіптік оқу орындар бар екен. Бүгінгі күнге дейін жалпы кәсіптік оқу орындарына 40 мыңға жуық бала құжат тапсырған. Биылғы жоғары оқу орындарына құжат тапсырғандардың біразы осы білім беру орындарына келуі мүмкін.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде шығармашылық мамандықтарға емтихан тапсыру мерзімі аяқталды. Олардың қорытындысы енді белгілі болады. Ал шілденің 21-і мен 25 аралығында ұлттық және шетелдік мектептер түлектері мен өткен жылдары мектеп бітірген талапкерлер үшін кешенді тест жүргізіледі.
XS
SM
MD
LG