Accessibility links

Мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай?


Шілде айының 10 күні Алматыда Қазақстан Республикасының тілдері туралы заңның қабылданғанына 7 жыл толуына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Алматы қалалық әкімшіліктің тіл басқармасы мен Отан саяси партиясының бастамасымен ұйымдастырылған жиынға тіл мәселесімен айналысатын мамандар, ғалым –тілтанушылар сондай-ақ аталмыш заңның орындалуын қадағалайтын мамандар қатысты.Дөңгелек үстел басында сөз алған академик Әбдіуәлі Қайдаров мемлекеттік тіл мәселесі ылғи да кезекті бір саяси науқандардың алдына көтеріліп,оның тағдыры сол бұрынғы күйінде қала беретіне өкініш білдірді.Сондай-ақ,ол Қазақстанда тіркелген 12 саяси партияның арасында мемлекеттік тілді дамытуды мақсат етіп қойып ,өз бағдарламасына енгізіп отырған ешбіреуінің жоқтығын алға тартты.

Қазақстандағы Халықаралық қазақ тілі қоғамын алғашқы құрушы академик Қайдаровтың мұндай пікіріне «Ана тілі» басылымының редакторы Мереке Құлкенов те қосылады.Біздің тілімізге деген көзқарасымыз алыс ауылда қалған жалғыз анасын ұмытып кетіп,қалаға келіп сайран салып жүрген жетесіздің көзқарасындай дейді ол. Қалай сайлау басталады ,тілге жаны ашитындар көбейіп шыға келеді.Ал,сайлау тура өткен күні тілге байланысты бар мәселе сол жерде қалады.Бұл да Мереке Құлкеновтың ойы.

Дегенмен, мемелекеттік тілге байланысты мәселе көтерілген соң,ондай шаралардан қалмау керек.Өйткені тіл партиялардың тілі емес, қазақ халықының тілі. Ал,осындай жиындарда айтылған ойлар бір жүйеге тоғысып,қандай да бір шешім шығарылып жатса құба-құб. Бірақ,мен тіл мәселесін қозғаған кезде алдымен тілді қазақтардың өзі үйренуі керек дегенді айтар едім дейді Республикалық «Қазақстан» телекомпаниясының қызметкері Сламбек Тәуекел.

Жиында тағы бір сөз алған, көпшілікке белгілі қазақ тілін қазақтан кем білмейтін азербайжан қызы Асыл Османова тіл үйретуді балабақшадан бастау керек .Ал, шенеунік болғысы келген адамның мемлекеттік тілді білуін талап етудің ешқандай зияндығы жоқ. Кезінде орыс тілін ешкім зорлап үйретпесе де, өзіміз үшін үйренуге мәжбүр болдық . Мемлекеттік тілді үйренуге талап қойылса, кез келгеннің өздері –ақ үйреніп алады.Түйеге жантақ керек болса ,мойнын созып жейді. Шенеунік болғысы, жақсы креслоға отырғысы келсе оларда сөйтуі тиіс.Жалпы,тіл тағдыры қолымызда,обалы мойнымызда дейді Асыл Османова.

Қазақстан Республикасы Мәдениет министірлігінің вице министрі Бекболат Тілеуханов мемлекеттік тілге қатысты заң аясында көптеген шаралардың іске асып жатқанын айтады.Қазірдің өзінде республиканың төрт обылысында іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі. Бірақ,ол өзі іс сапарда болған кезде Маңғыстаулықтар бүкіл іс қағаздарды мемлекеттік тілде орталыққа жіберсек,ол жақтан келетін жауаптардың ресіми тілде болатынын айтып шағымданғанын айтады.

Әрине,тіл ұлттың жан –жүрегі ,рухани болмыс бітімінің нақты өлшемі екенін білеміз.Бірақ елімізді құтты қоныс еткен өзге тілді қазақстандықтардың тұратынын ескеріп , тіл мәселесіне қашанда ыждағаттылықпен қарасақ дейді вице министр мырза.

Әжептәуір қазақ тілін меңгеріп алған орыс ұлтының Лариса есімді қызы өзі білім алып жүрген оқу орынында қазақ тіліндегі оқулықтардың жетіспейтінін алға тартса, Марина Завьялова соңғы жылдары Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілге ден қоюшылардың қатары өсіп келеді,ал бірақ мұндай үрдіс қазақ жастарының арасынан байқалмайды дейді.Осы орайда, «Ана тілі» басылымының редакторы Мереке Құлкенов кезіндегі ата аналардың балаларын ана тілінде оқытуға деген құлшынысын қазақ мектептеріндегі білім сапасының төмендігі басып тастады деген өкінішін білдіреді. Ал,академик Қайдаров мынау жаһандану процесі кезінде Қазақстан тас түйін ел болып қалуы үшін ең алдымен тіліміз бен дінімізді сақтап қалуымыз керек дегенді айтып отыр.
XS
SM
MD
LG