Бұл жерде тағы бiр кедергi -- Ресей кеденiнен өтуге тура келедi. Қазақстанның көшi-қон агенттiгi төрайымының орынбасары Әлiмжан Құртаевтың айтуынша, қазақстандық мамандар Монғолиядан әкелiнетiн малдардың сау екендiгiн анықтаса, оны айдап өтуге Ресей рұқсат беруге дайын.. Ал оралмандар Бекен Қайрат пен Орынбай Тәжiмұрат: «Ресейдiң Алтай өлкесi Монғолияның арзан малының арқысында ет жеп отыр. Сондықтан, олар қазақстанға арзан малдың өтiп кеткенiн қаламайды», -- дейдi.
Оралмандарды малымен көшiрiп әкелудiң тағы бiр қиындығы бар көрiнедi. Мысалы, Өзбекстан, Түрiкменстан және Тәжiкстан республикаларынан мал айдап әкелген жағдайда оларды тек оңтүстiк және батыс өңiрлерге қоныстандыруға тура келмек. Өйткенi, ол елдердiң қазақтары негiзiнен түйе малын өсiретiндiктен, Қазақстанның Орталығы мен Солтүстiгiне ойсылқара түлiгiн жерсiндiру қиын деп есептейдi.
Осыдан оншақты жыл бұрын оралмандардың бiрсыпырасы малын Қазақстанға тiрiдей айдап келген болатын. Мысалы, оралман Бекен Қайраттың сөзiне қарағанда, Семей облысының Тарбағатай ауданындағы Қазақстан кеңшарына Монғолиядан көшiп келген бiр отбасы 200 қой 25 жылқысымен көшiп келген.
«Егер Монғолия, Қазақстан және Ресей мемлекеттерi арасында арнайы келiсiм жасалып, монғолиядан келетiн қазақтарға өз малымен келуге рұхсат етiлсе, олар ештеңеден таршылық көрмес едi. Себебi, Қазақстанда мал бағасы шарықтап тұр,» - дейдi Бекен Қайрат мырза.