Accessibility links

ТҮРКСОЙ-дың Тұрақты кеңесiнiң отырысында түркi құндылықтарын заманауи құралдар арқылы насихаттау мәселесi сөз болды.


Шiлденiң 15-i күнi Астанада ТҮРКСОЙ-дың Тұрақты кеңесiнiң 21-шi мәжiлiсi жалғасты. ТҮРКСОЙ-дың Бас директоры, Әзiрбайжан Республикасының мәдениет министрi Полад Бюлбюлоглы өткен 12 жылда атқарылған iстердi қорытындылай келiп, «Бұған дейiнгi жұмыстар бiр-бiрiмiздi тани түсуiмiзге ғана қызмет еттi. Ендiгi жерде әлемдiк жахандану үрдiсiнен артта қалмау үшiн әншейiн бiр қоғамдық ұйым есебiнде тiршiлiксiз отыра бермей, Еуропаға танылатын шақ туды деп мәлiмдедi.

Оның айтуынша, 200 миллион халықты құрайтын түркi нәсiлiнiң мәдениетiн, ежелгi тарихын әлемге танытуының тура жолы – жалпы құндылықтарды ақпараттандырудың жаңа технологиясына көшiру және жарнамалау. Сонымен қатар ежелгi түркi ескерткiштерiн сақтау, қорғау және насихаттау да өзектi мәселелер қатарында қаралды.

Басқаны қойғанда, ТҮРКСОЙ мүшелерiнiң өзi түркi дүниесiндегi елеулi жаңалықтардан, бiр-бiрiнiң жетiстiктерiнен хабарсыз екендiгi осы басқосуда да анық аңғарылды. Мәселен, Ресей құрамындағы Алтай автономиялық республикасының мәдениет және кинематография министрi Иван Беляков 2001 жылы Юнесконың тiзiмiне Ресейден 7 жәдiгер ескерткiш енгiзiлсе, соның бесеуi Алтай-түркi ескерткiштерi екенiн айтқанда мәжiлiске қатысушылар алғашқыда сенiмсiздiк танытты. Беляков мырза мұны дәлелдеп шыққаннан кейiн барып, әрiптестерi оны қаумалап құттықтап жатты. Ресей құрамындағы түркi тiлдес Хакас, Алтай, Тыва елдерi үшiн көкейкестi мәселеленiң бiрi -- сол елдердiң аумағынан табылған түркiлiк ескерткiштердiң кезiнде сұраусыз әкетiлгендiгi. Қазiр Мәскеу, Санкт-Петербор және Ресйдiң басқа да қалаларының мұражайларында тұрған ол ескерткiштер Ресейдiң Федеральдық меншiгi болып саналады. «Олар қайтарылған күнде ежелгi түркi қоныстарын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруға болар едi»,- дейдi мамандар. Хакасияның мәдениет министрi Наталья Дяченко әлi де зерттелмей жатқан түркiлiк ескерткiштер жетерлiк. Оларға шет ел мамандары да қызығушылық танытуда. «Мысалы, биыл Германияның археологиялық иниституты хакас жерiнде зерттеу-қазба жұмыстарын жүргiзгелi отыр»,- дейдi Наталья Дяченко.

ТҮРКСОЙ-дың Астанадағы басқосуында Туваның мәдениет министрi Зоя Самданның бастамасымен 2005 жылы халықаралық деңгейде Саян-Алтай экспедициясын шығаруға ұйғарым жасалды. Зоя Самданның айтуынша, бұрын да алты рет жасақталған Саян-Алтай экспедициясының жұмысы бұл жолы Монғолия жерiнен басталады. Өйткенi, әлемге әйгiлi Күлтегiн, Тоныкөк ескерткiштерiн осы уақытқа дейiн әркiм өзiнше зерттеп, өзiнше оқып келдi. Сондықтан экспедиция аталған ескерткiштердi түбегейлi зерттеудi мақсат етпек, -- дейдi Зоя Самдан ханым.

ТҮРКСОЙ- мәжiлiсiне қатысушылар болашақта Сiбiрдегi түркi жұртының мәдени мұралары бойынша арнайы бағдарлама қабылдау қажеттiгiн де атап өттi.

ТҮРКСОЙ-дың бас директоры Полад Бюлбюлоглы бүгiнгi таңда Юнесконың құрамында 200-ден астам ел болғандықтан, оған жолданған ұсыныстардың жылдап жатып қалатындығын ашық сынады. Оны растаған Қазақстанның мәдениет министрi Дүйсен Қасейiнов мемлекеттiк тiркелiмде 27 мыңнан астам мұрағаттар бар бола тұра, Қазақстанның Юнескоға жетi жылда екi құндылығы ғана тiркелгенiн айтты. Олар Қожа Ахмет Иассауи кесенесi мен Тамғалы ескерткiштерi енгiзiлдi.

Келесi кезектегi Отырар қорғанын тiркеу Юнескода қанша жыл қаралары белгiсiз. Сондықтан, Қазақстан жағының бастамашылығымен ТҮРКСОЙ жанынан соңғы технологиямен жарақтандырылған ақпараттық орталық ашу iсi қолдау тапты. Ол орталық ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердегi соңғы жаңалықтар мен ортақ жиындарды электронды ақпарат құралдары арқылы таратып отырады.
XS
SM
MD
LG