Accessibility links

Канадалық-ирандық фото тілші өліміне байланысты сот үдерісі одан әрі жалғаспақшы.


Канадалық-ирандық фото тілші Захра Каземидің өліміне байланысты сот ісі Техранда сенбі күні қайта жалғаспақшы. Оның өліміне Иран барлау қызметінің агенті кінәлі деген күдік туындап отыр. Агент заңгерлері ол кіналі емес дегенді айтуда.

Канадалық-ирандық журналист Захра Каземидің қаза болғанына жыл толған кезде ол іске байланысты сот одан әрі жалғаспақшы. Күдікке Иран барлау агенттігі өкілі Мұхамед Реза Ахмади ілініп отыр. Сондай-ақ, күдікке ілінген екінші адам- Евин түрмесінің өкілі Мұхамед Реза Бакши болуда. Иран түрмесінде отырғанында ауыр соққыдан жарақат алған 54 жастағы Каземи ханым 2003-ші жылдың шілдесінде қаза болған-ды. Содан бір ай бұрын ғана осы Евин түрмесі алдына жиналған саяси тұтқындардың туыстарын суретке түсіріп жүрген жерінен Каземи ханым тұтқындалған еді. Түрмедегі кезінде оны елдің Бас Прокуратурасы өкілдері, полиция қызметкерлері және Барлау қызметі мен Қауіпсіздік министрлік өкілдері сұраққа алған болатын. Сол үдеріс барысында фото тілші Каземи бірнеше рет соққыға жығылып, басына тиген соққыдан миына қан құйылып қайтыс болған еді. Ол маусымның 27-сі күні ауруханаға ауыстырылған екен. Марқұмның өлімі туралы екі аптадан кейін ғана хабар таратылған болатын.

Ресми Техран аталған сот үдерісіне Канада өкілдерінің қатысуына кедергі жасауда. Осыған наразылық ретінде үстіміздегі аптада Канада жағы Техрандағы өз елшісін кері шақырып алды. Канада Сыртқы істер министрі Билл Грахам бұл іс канадалық журналистің өліміне байланысты болғандықтан да ол үдеріске өз өкілдерінің қатысуға хұқысы бар, деп мәлімдеген болатын. Бұдан бұрын Иран Сыртқы істер министрлігі аталған сот әділ түрде өтеді, деп уәде берген еді. Алайда министрлік Каземи ханымға байланысты іс- Иранның өз ішкі мәселесі. Сондықтан оған шетелдіктердің қатысуы қажет емес. Тіпті халықаралық заңдарды бұзу болып табылады деген еді.

Иранның консервативтік бағыттағы сот өкілдері мен реформашыл бағыттағы Барлау қызметі және Қауіпсіздік министрлігі арасында осы іске орай теке-тірес шиеленісе түсуде. Барлау қызметі министрлігі бұл іске қатысымыз жоқ деп отыр. Бұл тұжырымды елбасы Мұхамед Хатами де қайталауда. Қатаң қолды прокурор Сайд Мұртазавидің осы іске қатысы болуы мүмкін екендігі жөнінде Каземи ханым жағынан іске қатынасып отырған заңгер Мұхамед Али Дадха Азаттық тілшісіне былай деген болатын: “Сот іс қағаздарының бірінде Мұртазавидің Каземи ханымды кейде таңертеңгі сағаттарда сұраққа алып тұрғаны жөнінде айқын түрде жазылған. Ол жөнінде досьеде айтылған”-, деді Дадха мырза.



Марқұмның ұлы Стефан Хашеми алда болатын бұл сот үдерісі барысында негізгі айыптылардың нысанаға алынбайтындығы жөнінде пікірін білдірді. Осыған ұқсас ойды Шекарасыз журналистер атты халықаралық ұйымның Канададағы өкілі де айтып отыр. Жазушылар мен журналистер өліміне себепшілер осылайша елде одан әрі жазалаусыз қала бермекші, дейді халықаралық басқа да ұйымдар.
XS
SM
MD
LG